15.02.2026, 14:30
Оқылды: 4

Бұлдыртыда «Есіңе мені алғайсың!» атты аудандық ән байқауы өтті

Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында «Есіңе мені алғайсың!» атты аудандық ән байқауы өтті. Аты айтып тұрғандай өнер сайысы ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындаушыларды жинады. 
photo-output
Бұлдырты ауылы  меймандарын қазақы құрметпен, ақ дәммен, әнмен қарсы алды. Кейін ауыл мектебіндегі туған жер тарихына арналған музей таныстырылды.
Түске дейін байқаудың іріктеу кезеңі өтті.
Аудандық «Демалыс орталығы» мекемесінің мәдени шараларды ұйымдастырушы маманы Гүлназ Жүсіпқалиеваның айтуынша, поэзия падишасының әр өлеңі әнге сұранып тұр. Сондықтан, қатысушылар ән таңдауда қиналмаған. Бірақ әр әнші таңдаған туындысын өз дауыс бояуымен әрлеуге, жүрегімен жеткізуге тырысқан.
photo-output
Қазылар алқасының ұйғарымымен, ІІІ орын Тамды ауылынан келген Қызғалдақ Ихсановаға берілді. Ол «Күрең күз» әнін әдемі шырқады.
Ал, «Ұнатамын мен сені» деп тербеген жымпитылық Жадыра Шамұратова ІІ орынның биігінен көрінді.
Бірауыздан көздіғаралық Мадина Жанұзақоваға лайық деп шешім қабылданды. Мадина «Адасқан шағаланың» мұңын әнмен жеткізді. Ән байқауының бас жүлдесі бұлдыртылық әнші Жаннат
Сайғожиеваға бұйырды. Жаннат ханымға айтыс аламаны да жат емес . Қолына домбыра алып, додаға түскенде ол елінің сөзін сөйлейді. Мұқағали ақынның мұрасын ақындық жүрекпен ұққасын шығар, Жаннат сахнада жұлдыздай жарқырады.
PHOTO-2026-02-13-21-19-13
Бас жүлдені Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Уәлиахмет пен аудандық мәслихат депутаты Ербол Бекжанов табыс етті.
Аралтөбелік Амандық Мергенов айрықша өнері үшін арнайы сыйлық иегері атанды.
“…Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың!” - деп жырлаған Мұқаңды сырымдықтар осылайша ақпан кешінде маздаған жырына жылына отырып, еске алды.
Галаконцерттің ашылуы алдында Бұлдырты орта мектебінің оқушылары ақын өлеңдерінен әдеби монтаж ұсынды.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале