Алматы облысы, Талғар қаласында өткен жасөспірімдер, жеткіншектер арасында қол күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында бұлдыртылық білектілер жүлделі орындарды алды, деп хабарлайды Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев.
Чемпионатта оқ бойы озық шыққан Гауһар Рустамова 55 келі салмақ дәрежесінде І орынға ие болып әлем чемпионатына жолдама алса, 65 келі салмақта Дильназ Әбунағимова ІІІ орынға табан тіреп, Азия чемпионатына баратын болды.
Бес күнге созылған тартысты додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1200-ге жуық спортшы қатысқан.
- Әрине, көптің ішінен суырылып шығып Азия, әлем чемпионаттарына жолдама алу оңай болмады. Екі шәкіртіме жетекшілік еткеніме 4 жылға жуықтады. Кез келген жеңіс тынымсыз еңбекпен келеді. Әйтсе де әлем чемпионатына жолданған Гауһарымның бағы бірден жана қойды десем болады. Аудан намысын, облыс намысын абыроймен алып шыққан қыздарым үшін қуаныштымын. Біздің жеңістеріміздің бас-аяғы бұл емес,- дейді Сырым ауданының атын шығарып, облыстың намысын қорғаған қос бұрымдының қол күресінен жаттықтырушысы Төлеген Құраш.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz