Қазіргі таңда баспасөзге жазылу науқанының қызған шағы. Аудандық, облыстық, республикалық газеттермен бірге, салалық газеттер де өз газеттін таратудың түрліше жолдарын ұсынуда. Әрине, негізінен газет таратушы мекеме «Казпошта» АҚ болған және бола беретін де шығар. Одан бөлек, аудандық «Бөрлі жаршысы-Бурлинские вести» газетіне редакция арқылы балама жазылу мүмкіндігі де бар.

Сондай-ақ, газетті интернеттен, сайттан оқып аламыз дегендерге айтарым бар. Әзірге біздің аудандық газеттің өзінің сайты жоқ. Болашақта болатыны сөзсіз. Өйткені жоспарда бар. Ал бүгінгі таңда ауданымызда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді, жалпы ауданымыздың тыныс-тіршілігін, жақсысы мен жаманын, жетістіктерін уақытында біліп отыру үшін дер кезінде газетке жазылып қалу керек.
Біздің газетіміздің, газеттің ғана емес, жалпы ілім-білімнің басты қолдаушысы да, қорғаушысы да ұстаздар қауымы ғой. Әлемнің ұлы ұстаздары жаққан білім шырағын дүниенің түкпір-түкпіріне таратушы да осы мұғалімдер. Сондықтан осындай науқан кезінде ұстаздар қауымымен жиі-жиі кездесіп тұрамыз. Мақсат - ұстаздармен бетпе-бет кездесу, жүзбе-жүз сырласу. Қала берді танысу. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын білу». Әркім өз жұмысымен жүріп, көкейде көп ой айтылмай қалмасын деген оймен бір-бірімізді тыңдау. «Өімізді де көрсету, өзгені де көру». Ұсыныс-пікірлерін қаперге алу.
Міне, осындай мақсат, міндеттерді арқалап Бумакөл мектебіне бардық. Мектеп ұжымымен жып-жылы кездесу өтті. Журналистерді жеке-жеке таныстырып, газетіміздің тарихы, жалпы аудандық газет тарихы бойына баяндап, шағын видео ролик көрсеттік. Алға қойған мақсатымыз бен алдағы жоспарларымызбен бөлістік. Осы әдемі кездесуге қолдау көрсеткен Бумакөл мектебінің директоры Әсия Мәжитқызына ризашылығымызды білдіреміз.
Енді неге Бумакөл мектебі десеңіз, бұл табиғаты тамаша жерде орналасқан, ең бір ұйымшыл, тек жақсы жақтарымен аты шығып жүрген ауыл мектебі. Сонымен бірге ауданымыздағы ең ерте ашылған, тарихы терең білім ошақтарының бірі. Нақтырақ айтқанда, ауданымызбен түйдей құрдас. Бүгінгі Бумакөл мектеп-бала бақша кешені 1935 жылы жеті кластық білім беретін орыс мектебі болып ашылған екен. Яғни, Бумакөл мектебі де биыл ауданмен бірге 90 жылдығын атап өтті.
Алғашқы мектеп директоры Әмір Нұрдәулетов деген оқымысты азамат болған деген мәлімет бар. Содан кейінгі мектепке басшылық жасаған азаматтардың ішінде біздің белгілі жерлесіміз, қоғам қайраткері Валерьян Землянов та бар. 2020 жылдан бері аталған білім ошағын Әсия Исмурзиева абыроймен басқарып келеді. Мектеп 1991 жылдан басап қазақ сыныптарына балалар қабылдай бастаған, ал 2006 жылдан бері бұл мектеп ауданымыздағы санаулы ғана таза қазақ мектептерінің бірі. Еңбекқор ұстаздары мен білімді шәкірттері көп, нәтижелері мен жетістері мол Бумакөл мектебінің шәкірттері әсіресе, спорт жарыстарында жарқырай көрініп келеді. Кездесуден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жақсыны жарқыратып көрсетуге әруақытта дайын екенімізді, әркез шығармашылық байланыста болатынымызды айтып тарқастық.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы