4.12.2020, 17:53
Оқылды: 61

Бұралқы иттер бас салмасын

Жуырда редакциямызға Қаражар ауылының тұрғыны Асқар Сапышев келіп, ауылда бұралқы иттер көбейіп кеткенін айтты. Ағамыздың сөзінше, қараусыз ит қаражарлық бір әйелді қаба жаздапты. Сондай-ақ бір үйдің ауласына кіріп, тауықтарын толық қырып кеткен.

Бездомные собаки-5a79623415aca

- Иттер ауылда жаз айларында көбейді. Алғашында олар да бір мақұлық қой деп тимей жүргенбіз. Күн сайын саны артты. Осы күні ауылда жаяу жүру мүмкін болмай кетті. Осыдан бірнеше күн бұрын көршімізге шапты. Ауладағы құсқа тыным бермейтін болды, - дейді А.Сапышев.

Расымен де бұралқы иттердің көбейгені жасырын емес. Аудан орталығындағы «Центральный» аталатын сауда орталығы алдында екі бірдей алабай шатыс ит жүргенін өзіміз де көрдік. Бір ретте әлгі иттер дүкеннен нан алып шыққан азаматшаның қолындағы бөлкесін жұлып алғаны да көз алдымызда. Бұған бір шара қолданбасақ, қолымыздағы ғана емес, қара санымызды да итке беріп кетпесімізге кім кепіл?

Сондай-ақ Переметный шетіндегі «Мұнайшы» аталатын шағын аудан тұрғындары да қаңғыбас иттерден әбден мезі болды. Ауыл ішіндегі қоқыс жәшіктерін аралап, жақындай қалсаң, ырылға басатын қаңғыбас төрт аяқтылар қаннен-қаперсіз жүрген балаларға шаппасын деп тілеуде тұрғындар.

Әзірге иттердің адамға шапқаны туралы дерек тіркелмегенімен бір үйдің жаз бойы баққан қазын қырып кеткенін көпшілік біледі.

- Жазда күздік ас етемін деп сатып алған жеті қазым бұралқы иттің жемтігіне айналды. Күндіз отбасымызбен жұмысқа кетіп, құсымыз аулада қалған еді. Ауыл кезген иттер кіріп, қаздарымды өлтіріп кетіпті. Қазір жеті қаздан біреуі ғана қалды, - дейді атын атамауын өтінген ауыл тұрғыны.

Расымен де соңғы күндері қаңғыбас ит көбейді. Аудандық ветеренарлық станциясы бөлімінің басшысы Әсет Әубекеровтің айтуынша, бұралқы ит мәселесі осыған дейін де талай көтерілген. Бүгінде оң шешімін тауып, біраз ит ауланыпты.

- Ауданның Мичурин, Достық, Трекин, Көшім және Переметный ауылдарында осы мәселе өршіп тұр. Бөлім мамандары күні біүгінге дейін біраз итті аулап, еркектерін пішіп, ұрғашыларын залалсыздандырды. Бүгінде 129 ит ауладық, - дейді Әсет Әубекеров.

Ветеринардың айтуынша, қазіргі таңда барлық бұралқы иттерді тіркейтін арнайы база жасақталыпты. Биозалалсыздандырылған иттердің құлағына арнайы чип салынып, ен қойыла бастаған. Бұл өз кезегінде иттен адамға тарайтын аурулардың азаюына себепші болмақ.

- Жалпы бұралқы жануардың базасын жасақтау – жақсы бастама. Соның арқасында біз әр иттің қайда жүргенін, ауруы бар-жоғын біліп отырамыз. Өйткені қолға түскен төртаяқты бірден құтыру ауруына қарсы егіледі және эхинакокозге қарсы тұратын «Прозив», «Фенозол» атты дәрілер береміз, - дейді Әсет Серікқалиұлы.

Десе де бұл істі біржақты ету үшін техникалық жабдықталу жағы ветеринарлар үшін қиынға соғуда екен.

Жалпы биыл ит аулауға 3 миллионнан астам қаржы бөлінген. Оны игеру мақсатында ветеринарлық станса Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетпен келісім жасап, ауланған 129 итті университет қабырғасындағы орталықта залалсыздандырған. Атап өтетін тағы бір жайт, арнайы зертханаға тек ұрғашы иттер апарылады екен. Ал еркектерін жергілікті жердегі ветеринарлар пішетін көрінеді. Бүгінде 112 жануар пішілген. Иттерді залалсыздандыру ісіне бөлінген қаржының 49 пайызы игерілуде.

- Иттермен күрес жұмысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Шалғай, Железнов, Дариян, Мичурин ауылындағы қараусыз төртаяқтылар ауланды. Ай соңына дейін ветеринарлар барлық ауылдық округтерді аралап шығатын болады, - дейді станция басшысы.

Барлығымызға белгілі, осы күні бұралқы иттермен күрес ережесі өзгерді. Бұрынғыдай иесіз мақұлықты атып көзін жою деген жоқ. Ветеринарлар да осы күні жұмысы қиындай түскенін айтады. Әр итті бағып жүріп, ұстап алуың керек. Оны Оралға апарып, ұрғашысын залалсыздандырасың. Ал еркегін пішесің. Кейін жүрген жеріне қайта апарып, қоя бересің. Үлкен қалаларда бұл тиімді болар? Бірақ ауылдық жерлерде  мүлдем пайдалы емес. Өйткені пішілген ит бір жерім кеміп қалды екен деп құсқа шабуын қоя алмасы анық.

Жаңа жүйе тиімді іске асырылу үшін әр ауданда иттерді уақытша ұстауға арналған орындар болуы керек. Неге десеңіз, пышаққа түскен соң әр тірі жан аздап болса да шошиды және агрессия пайда болады. Біз болсақ, бір жерін кесіп тастап, қайда барсаң, онда бар деп жібере саламыз. Ия, ол өз өлімімен өмірден өтіп кетеді. Артынан ұрпақ қалмаған соң саны да азайып, болашақта бұл мәселе жойылады. Бірақ, иттердің өмір сүру құқығынан айырмауымыз керек деген адамзат олардың тұқымына геноцид жасап отырған жоқ па деген ой ұялайды санаға. Өйткені осы арқылы бүтіндей шәулідек (дворняшка) атты ит тұқымын құртып жатырмыз. Гуманизм тұрғысынан қалай екенін білмеймін. Адами тұрғыда жасалатын іс бұндай бомайды. Қалай болғанда да ата салған дұрыс секілді.

Иттердің көзін жою мәселесі жаңа ережеде бар. Ол үшін жануар адамға шауып немесе мал мен құсқа зиянын тигізуі керек екен. Сонда қалай болғаны әр көшеде арсылдаған ит адамға шапқанын күтіп жүруіміз керек пе? Ол да жаңа ереженің әлі де шикілеу екенін көрсетіп тұрғой. Әсет Серікқалиұлы осы кезге дейін 160 иттің көзі жойылғанын айтты. Адамға шаппағанымен сол 160 ит қанша құсты қырып, қанша малды үркітті екен? Сондықтан бұл мәселені шешудің әзірге жалғыз ғана жолы  бар. Ол – ату.

Ауылда ит толды. «Анаған шапты, мынаны қапты» деген әңгіменің шығуына уақытында олардың көзін жою немесе аулауды ұйымдастырмаған ветеринарлық сатнция мамандары ғана кінәлі емес. Өзіміздің жауапсыздығыз бар. Асыраймын деп алып, итті қаңғытып жібереміз. Аш жануар жемтік іздейді. Сосын адамға шабады. Сөздің шынын айтқанда көше кезген мақұлықты ешкім даладан әкеп тастап жатқан жоқ. Барлығы азаматтарымыздың жауапсыздымыздан пайда болған иттер. Асырау үшін алған соң әр адам итіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны дұрыс-ау?..

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале