19.05.2020, 9:18
Оқылды: 362

Бұралқы иттер басынып барады

Соңғы кездері бұралқы иттердің көбеюіне Сырым ауданы жұртшылығы қатты алаңдаушылық білдіруде. Әсіресе жабайы иттердің көше кезіп жүрулері жас балалар түгілі ересек адамдарға да қауіп төндіруде.

C3BB05B1-6FCF-4562-84A2-F1875A2791F3

Осы мәселе көңілді мазалаған соң біздер де бірнеше мамандар, жауапты тұлғалармен хабарласып, тілдестік.

Сырым аудандық ветеринариялық станциясы директорының міндетін уақытша атқарушы Әселхан Хамзинаның айтуынша, өткен жылы аудан аумағындағы қаңғыбас иттер мен мысықтардың көзін жою мақсатында жергілікті бюджеттен 2 млн. 562 мың теңге қаражат бөлініп, нәтижесінде 952 ит пен 133 мысық ауланып, жойылған.

Ал бұл жұмыстар жергілікті мәслихаттың бекітілген ереже тармақтарына сәйкесті жүзеге асырылып отырады.

Әселхан Мұратқызы өткен жылы атқарылған осындай көлемді жұмыстың биыл өздері тәуелді болып отырған облыстық ветеринариялық басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу бағытындағы тендерге хабарлама берілсе де, тиісті ұтып алар адамның шықпауына орай қаңғыбас иттерді жою жұмысы бүгінде қолға алынбай отырғандығын айтты.

Жұмыс тоқыраған соң қаңғыбас иттер мен мысықтар да күрт көбеюде.

Иелері жоқ немесе ауласында байлауда ұстамай, көшеге бос жібере салатын иттердің жануарларды тістеулері өз алдына адамды да жарақаттауы аудан көлемінде тіркелуде. Мәселен, осы тұрғыда аудандық аурухананың дәрігер-хирургі Қасым Бисенғалиевтің келтірген дерегіне сүйенсек, көп жағдайды аңғаруға болады.

Мысалы, Қасым Мақсотұлының сөз саптауынан ұққанымыз көшеде, далада жүрген бұралқы иттердің адамдарға шабуылдауы күз, көктем айларында жиі кездеседі. (Осындай оқиғалар өткен жылы да орын алған).

Ал биылғы жылдың 4 айы аралығында аудан көлемінде 21 адам дене жарақатымен емдік курсынан өтуге мәжбүр болса, оның екеуін жабайы мысық, 19-ын бұралқы иттер тістеп, жарақаттаған.

571C4634-11AC-45F6-9A6A-310CE48992BE

Бір айта кетерлігі, адамдарды жарақаттаған 14 иттің иелері анықталса, 7 иттің иелері табылмаған.

Қасым Мақсотұлының айтуынша, жабайы ит пен мысық жарақаттаған адамдар тізбесі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына хабарлама ретінде жолданып, одан соң аудандық ветеринариялық станциясының қызметкерлері, аймақтық полицияның өкілдері тиісті шарасын алу жұмыстарымен айналысады.

Сондай-ақ Қ.Бисенғалиев өзінің жауапкершілігін сезінген маман ретінде биылғы жылдың 4 айы ішінде тіркелген оқиғаның ішінде Бұлдырты ауылдық округінен келген малшының өзіне қарсы шапқан бұралқы итке талануы нәтижесінде қолы, аяғы, денесінің терілері қатты жыртылғандығын айтып, жас балаларды ит қапқанда мінезінде өзгеріс, ұйқыдан шошып ояну, қорқыныштың пайда болатындығын жеткізді.

Тәубе етерлік жағдай ауданда құтыру дерегі тіркелмеген.

Десек те, кейбір жағдайларда баласын ит қауып алған сәтте бойын ашу билеген әкесі итті сол жерде атып тастайды немесе басқа әдіспен өлтіре салады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Өйткені баланы тістеген иттің бойында ауру немесе сау белгісі барын тиісті орындар анықтау үшін иттің иесі құзырлы мекемелерге хабарлағаны ләзім,-дейді Қасым Мақсотұлы.

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Бекболат Мұханбетжанның берген мәліметі бойынша биыл байлаусыз көшеде жүрген иттердің иелері аймақтық полиция қызметкерінің қатысуымен тиісті шараға тартылған.

Яғни бос жүрген 12 иттің иелеріне арнайы хаттама толтырылып, оның 3-уіне ақшалай айыппұл салынса, 9 тұлғаға ескерту берілген.

Бекболат Бекетұлының сөз сыңайына қарағанда ауыл тұрғындары арасында ит-мысықтарға жауапсыз қарайтындар баршылық. Мысалы, бір үйдің иті 9-10 күшік туса, кәдеге жарайтын аталығын қалдырып, өзгесін далаға апарып тастайтын жайттар кездеседі.

Ал далада өсіп-өнген иттер ызақор болады, түрлі ауру тарататындығы белгілі. Егер де бұралқы иттердің көбеюіне жол бермей, оларды күтімге алса мұндай келеңсіздік болмас еді.

  Иә, тәжірибе көрсетіп отырғандай иттерге егілетін екпе жануардан адамға жұғатын ауруларға қарсы тұрады. Оларды құрттардан арылтып, дәрілеу де маңызды.

Өйткені дегельминттердің де зияны көп. Мәселен, эхинококкоз ауруы адамдарға жұққыш келеді.

Иттердің көбеймесі үшін ұрғашысы биозарарсыздандырылып, еркегі кестірілетіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденуде.

Айтқандайын, жымпитылық кәсіпкер Хайырсапа Сармурзин ауласында ұстап отырған итінің тазалығы, (бүрге, құрт болмауы үшін) саулығы мақсатында аудан орталығындағы малдәрігерлік дәріханадан ай сайын 1200-1500 теңгесін жұмсап, сатып алған дәрісін итіне тамағына қосып беріп отыруды қалыпты дәстүріне енгізген. Бұл үрдіс өзгелерге де сабақ болса игі.

Иә, қазақ халқы арасында итті жеті қазынаның бірі ретінде санағанмен иттің де ортасында «есерсоғы» болады. Ескерсоқ, есірген иттер болмаса аудан орталығында басылымды көше тұрғындарына тасымалдаушы пошташы Х.Ескендірова кезінде ұйыққан тобыр иттерге таланбас еді.

Немесе өзіндік нәпақасын дала төсінен тауып, бақшасын баптап жүрген бағбан жігіт Т.Исатаевтың қыстық азыққа бағып отырған тордағы 30 қазын, тордың астындағы іргетастың астын үңгірлеп қазып, түгелдей қырып кеткен бұралқы иттерге не деуге болады?

Тобықтай сөздің түйіні, аудан көлемінде қаңғыбас иттер қаптап кетті.

Ал бұл жұмысты қолға алып, бұралқы иттерді жоюмен айналысатын аудандық ветеринариялық станция болса қаржы көзі болмауы себепті дәрменсіздік танытуда.

Бұған құзырлы орындар не айтар екен? 

Мүсірбек Айташев

 Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале