28.09.2025, 14:30
Оқылды: 132

Бұралқы ит неге азаймай тұр?

Бәйтерек ауданы бойынша 4 мыңға жуық бұралқы ит бар. Негізінен олар Переметный, Мичурин, Достық, Байқоныс, Көшім, Щапов сынды ауылдық округтарда жүр. Бұралқы иттермен күрес, яғни қаңғыбас үй жануарларын аулау және биозарарсыздандыру күн тәртібінен түскен емес.

IMG-20250928-WA0002

​Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында осы мәселе кеңінен сөз болды.
​Жиында бұралқы иттер мен мысықтар санын азайту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған аудандық ветеринарлық станция директоры Әсет Әубәкіровтың сөзіне қарағанда, биылғы жылға аталмыш жұмыстарға 5 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жыл басынан бері 1504 бұралқы ит жойылды. Сонымен қатар ауылдарда иесі бар үй жануардары мен бұралқы иттердің санын нақтылау үшін иесі барларды чиптеу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда ауданымыздың 10 ауылдық округіндегі 130 ит чиптелді. «Жалпы ауылдарда иттің басын реттеу үшін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгеріс керек,-деді Әсет Серікқалиұлы.- Бұралқы үй жануарларын эвтаназиялауды алып тастағалы проблема көбейгені белгілі. Тек бұралқы ит емес, иесі барлардың өздері көпшілікке, балаларға қауіп төндіреді. Иттер топталып мектеп ауласында жүреді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың бәрін бұралқы деуге келмейді. Мәселен, күндіз мектептің ауласында он ит жүрсе, кешке оның бір-екеуі қалады. Яғни көбі баламен бірге үйден келіп, кешке кетеді. Мысалы Асан мектебінің ауласында бір алабай, бір тазы ит жүреді. Сол себепті аудан көлемінде кешенді іс-шара жүргізу керек».
​Комиссия мүшелері мұндай іс-шара керектігін бірауыздан қолдады. Әсіресе итті баламен бірге мектепке жібермеу жөнінде ата-аналарға ескерту қажеттілігіне назар аударылды.

IMG-20250928-WA0004
​- Қазір бұралқы ит ондай көп болмауы мүмкін. Ертең күн салқындап, саяжайлардан кісілер кеткен соң ондағы иттің бәрі ауылдарға барады. Жаңа айтып отырған кешенді іс-шараларға құқық қорғау құрылымдарын мейілінше тарту керек. Жағдайды көзбен көрген адам соған сәйкес әрекет етері анқы. Ал өзі көрмеген, нақты ахуалдан хабарсыз кісі мәселеге дендемей, балалардың өміріне қандай қауіп төніп тұрғанын білмей құр заң немесе ережеге сүйеніп отыра береді. Бұл - пиар емес, нақты тиянақты жұмыс істеуді қажет ететін мәселе. Жақында Башқұртстанда ауылға аю кіріп кетіп, базбіреулер оны атуға болмайды деп оған араша түсіп жүргенде бір тұрғынды мерт қылған соң барып, атып өлтірді. Мұндай мысал аз емес. Сондықтан бұл бағытта нақты әрі жүйелі әрекет жасауымыз қажет,-деді аудан әкімі, аталмыш комиссия төрағасы Марат Тоқжанов.
​Содан соң Переметный, Дариян, Мичурин ауылдық округтарының әкімдері жергілікті жерде бұралқы иттермен күрес бағытында жүріп жатқан жұмыстарды баяндады.

IMG-20250928-WA0001
​Жиын барысында алимент бойынша берешегі бар жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, қоғамдық орындардағы қылмыстардың жай-күйі туралы да сөз болды. Сондай-ақ арнайы егілген немесе жабайы өскен қарасора алаңдарын анықтау, заңсыз еңбекті пайдаланумен байланысты адам саудасы қылмысының жолын кесу, алдын алу бойынша жұмыстар да комиссия мүшелерінің назарына ұстынылды.

Қуаныш Қали
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале