Қазақ халқы ертеден қыз тәрбиесіне қатты мән берген. Қыздың ең басты сұлулығы ажарын айшықтап, өңін кіргізетін шашы десек, артық болмас. Дана халқымыз ертеден бұрымды – сұлулықтың белгісі, қыз-келіншектердің ары мен абыройы деп есептеген. Ата-бабаларымыз қыздарының бұрымына жастайынан ерекше күтіммен қарап, әртүрлі шөп тұнбаларын да пайдаланған.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін, - деп қасиетті бұрымды хәкім Абай да жырға қосқан.
Бұрымды қызға шолпы, шашбау тағу арқылы оның оғаш, артық қылық жасамай, әдепті, ұқыпты жүруіне де мән берген. Әрі әшекейдің сыңғырлап дыбысталуынан үйге қыз баланың кіріп келе жатқаны аңғарылып, үлкендер реттеліп, жинақталып отырған. Тіпті бұрымды қыз шашбауының дыбысынан оның әдептілігін сезе білген. Ал шолпы арудың шашының ұшына тағылып, шашбау бұрымның түбіне ілініп, шашпен қоса өрілген. Осылайша, шаш салмағы ауырланып, қыздар еңсесін көтеріп, бойын тік ұстап, сымбатты болып өскен. Сондай-ақ бұрым – жалғыз өрім, шаштың қалыңдығына қарай үлкен бұрым және кіші бұрым деп бөлінген. Қысқасы, «Батырларды матап байлап тастауға, Жетіп жатыр қара шаштың бір талы», - деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, шаштың қасиетіне таңдай қақпау мүмкін емес.
Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыз бір пікірінде «Өмірде қыз болу бар да, Қазақ қызы болу мүлдем бөлек», - деген екен. Ендеше, қасиетті қара шаштың да киесі барын естен шығармаған абзал-ау?
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz