Қаламыздағы Ақсай техникалық колледжінде "Business Startup" - Идеядан табысты бизнеске дейін" орталығының ашылуы болды. Нақтырақ айтсақ, студенттердің еңбек әрекетіне мотивацияны қалыптастыру, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту мақсатында "Кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық" тақырыбында облыстық іс-тәжірибе алмасу семинары болып өтті.

Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру бойынша ұйымдастырылған Ақсай техникалық колледжіндегі семинарға БҚО Білім басқармасы, БҚО әдістемелік орталығы, Бөрлі ауданының әкімдігі, Техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту жөніндегі орынбасарлары, "Атамекен" БҚО кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
- Бұл орталық - жастарымыздың шығармашылық әлеуетін, кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға арналған ерекше алаң. Мемлекет басшысы биылғы жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағаннан кейін де мемлекеттік тапсырманы іске асыру аясында ұйымдастырылып жатыр,- дейді Ақсай техникалық колледжі директорының оқу-өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Дамира Мурзаева.
Семинар барысында аталған колледж студенттері "Электростарт" шеберханасы, "Автокөліктердің жүру бөлігін жөндеу мен диагностикалау", "Шиномантаж қызметі" сусындар әзірлеу, дәнекерлеу қызметін көрсету бойынша бизнес-жобаларын таныстырып, қорғады.
Жоба қорғаушы студенттер бір қарағанда дайын кәсіпкер дерсіз. Бизнес жоспарларын экранда көрсетіп, кіріс, шығысын есептеп, пайдасы мен нәтижесін сенімді айтып, жобалары бойынша қойған сауалдарға іркілмей жауап берді.
Айта кетейік мұндай орталықтар облыс көлемінде 2013 жылдан бастап Теректі, Ақжайық колледждерінде, Орал-сервис колледжінде, жоғары аграрлық техникалық колледжі базасында ашылған екен.

БҚО әдістемелік орталығының әдіскері Жанар Карманова:
- Бұл студенттік орталықтар әлеуметтік серіктестерді тарта отырып, білім алушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және оларға өз ісін ашуға мүмкіндік береді. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше 2028 жылға дейін елімізде колледждерде дәл осындай 100 орталық ашу жоспарлануда. 97 мемлекеттік колледж өздері шығарған тауарларды нарыққа шығарып сатуда, бұл студенттер үшін өз бетінше табыс табу мүмкіндігі, - деп атап өтті.
Жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық "Мен кәсіпкермін" атты 11 бағытты қамтитын байқау өтеді екен. Осы жылы да аталған байқауға облыстан 200-ден астам студенттер қатысып, өз жобаларын қорғаған. Солардың ішінен студенттердің 9 жұмысы өтіп, мамандар енді желтоқсан айында зор үмітпен қорытындысын күтіп отырғандығын айтты.
Семинардың екінші іс-тәжірибе алмасу кезеңінде студенттер өндіріс орындарына барып, бәсекеге қабілетті білікті маман болу жолында тәжірибе алмасты. Мұндай тәжірибе алмасулардың жиі болып тұратындығын және берері мол байланыс екендігін оқытушылар мен студенттер баса айтып өтті.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz