20.03.2024, 14:30
Оқылды: 102

Былтыр Ақжайық ауданында нашақорлық бойынша 11 іс тіркелген

Талайдың тағдырына балта шауып, құрдымға сүйреген есірткінің адамзатқа зор қауіп төндірген тажал екенін мойындауымыз керек. Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясы мен М.Әуезов атындағы мектепте 9-11 сынып оқитын оқушылармен өткен жүздесу осы тақырыпқа, нашақорлықтың алдын алуға арналды.

IMG_9132

Маңызды шараны аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов жүргізді. Сондай-ақ кездесуге Ақжайық ауданы сотының төрағасы Әлібек Нұрғалиев, Ақжайық ауданы прокурорының орынбасары Еламан Баймұрат және Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы Ақылбек Елекешев қатысып, ұл-қыздарға есірткіден келетін қауіп, оның зардабы жөнінде кеңінен түсіндірді.

Сот төрағасы Әлібек Мұратұлы есірткі бизнесіне жастарымыздың жеңіл ақша іздеп, араласып жатқандарынан мысал көп екенін айтты. Талай студент арам пиғылдылардың алдауымен есірткі тасып, осылайша заңды бұзып, темір торға тоғытылды. Ал аудандық полиция бөлімінің басшысы Ақылбек Тілекұлы ауданда былтыр нашақорлық ісі бойынша 11 іс тіркелгенін атап өтті.

IMG_9123

- Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Ертең мектеп бітіресіңдер, білім қуып, өзге қалаға аттанасыңдар. Сол кезде сіздерге нашақорлықтың зиянын осылай ешкім түсіндіріп отырмайды. Ақша табудың жеңіл жолы осы екен деп, есірткімен қолға түссеңіздер, өмірлеріңізді құрдымға жібересіздер, – деді.

Кездесу соңында оқушылар сұрақ-жауап алмасты. Осындай жүздесулер басқа мектептерде де жалғасады.

Айжан Ақыл,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале