14.07.2020, 11:19
Оқылды: 51

«ЦЕФ -3» бар ма?

Дәрі таба алмай әбігерге түстік

Аты өшкір мына коронавирус әлемге әлек туғызып отыр. Дүйім дүниені дүрліктірген дертке шалдыққандар шипа іздеп, дәрі-дәрмек таба алмай әбігерге түскені шындық. Оның үстіне «қажет дәріме енді ғана қол жеткіздім-ау» дегенде, жаңағы дәрінің бағасын шарықтатып удай қымбатқа сатқандардың бар екендігі тағы рас.

B8CFC09E-940A-4B9C-9D2A-7623606A75DD

Міне, індептен осылай «күресуде» қазақ елі. Бір сөзбен айтқанда,  не дәрі жоқ, не бар дәрінің бағасы қымбат. Күнін шақ көріп отырған жандар мұндай бағаға дәрі ала алмай жүр. Елімізде дертпен күресу үшін миллардтап қаржы бөлінді. Ендеше, қайда сол қаржы? Қазақстанның не бәрі 19 млн. халқын осы дерттен аман алып қалуға жететін еді ғой сол қаржы! Қарапайым халыққа құр санды сөйлетіп, есеп бергенше, қиналғанда көмек бермейміз бе? «Біреу емделді, екеу емделді» дегеннен не пайда, мына жақта жүзі жан тапсырып жатқанда? Өкінішті…

Сықасып тұрушы ең ғой, парацетамол!

Жалпақ жұртшылық әлі күнге дейін дәріханалардың табалдырығын тоздырып, кезекте тұр. Олардың бір ауыздан айтатыны: «дәрі жоқ». Сол жоқ дәрілердің қатарында аты да, заты да етене таныс парацетамол бар. Кезінде көбі менсінбейтін парацетамолдар көзден бұлбұл ұшты. «Ой, біздер парацетамол секілді арзан дәріні қолданбаймыз, ылғи қымбат дәрі ішеміз» деп мұрнын шүйіретіндер аталмыш дәріге зар болады деп кім ойлаған? «Қолда барда  алтынның қадірі жоқ» деген осы екен. Өйткені коронавирус пандемиясы кезінде бұл дәрі ең көп сұранысқа ие дәріге айналды. Әншейінде дәріхана сөресінде сықасып тұратын парацетамолдан көз жазып қалдық. Кезінде арзан тұратын дәріні кей пысықайлар қымбатқа сатып, пайда тауып жатқанын сан мәрте естідік. Денсаулығы күрт нашарлап жанымен арпалысып жатқан науқастың хәлін ойламай, бас пайдасын басып қалуды көздеген мұндайларды жаза күтіп тұрғаны анық. Кей дәріхана иелері осыны ұғынса, қане? Айтпақшы, заң нормаларын бұзған дәріхана иесі, сізге кем дегенде 70-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынатынын біле жүргейсіз!

47FB288F-A511-4CA5-9EB0-3C33CEBC6D36

Қымбат болса, хабарласыңыз!

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 7452 дәрілік заттың атауы тіркелген. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 6 191 дәрінің атауына шекті бөлшек сауда бағасы белгіленді. Дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағасы туралы толық ақпаратты dari. кz қосымшасынан біле аласыздар. Ал енді дәрі бағасы тым қымбат болса, яғни бағаның өсуіне байланысты фактілерді байқаған болсаңыз, онда  8-747- 492-91- 79 WhatsApp нөміріне хабарласуыңызға болады.

53925D5F-8D2A-4FB6-9676-E8BCF3F1E5FE

Тұрғындар дәріні «Талаптан» талап алуда

Хош, сонымен Теректі ауданында дәрі-дәрмектердің тапшылығы бар ма? Саттыққа шыққан дәрілердің бағасы тұрақты ма?

Жалпы, Теректі ауданы бойынша 8 дәріхана жұмыс істейді. Тінін тарқатсақ, аудан орталығы Федоров ауылында-3, Подстепный ауылында-3, ал Ақжайық пен Шаған ауылдарында бір-бірден дәріхана бар. Мұндағы күнделікті сұранысқа ие дәрілердің бар-жоғын, сондай-ақ олардың бағасын тексеруді мақсат тұтқан аудандық арнайы мониторинг тобы құрылған еді. Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бақтияр Карл бастаған тексеру тобымен бірге Федоров ауылында орналасқан дәріханаларға бас сұқтық.

Баршаға мәлім, «Талап» акционерлік қоғамының дәріханалар желісінің біздің ауданда да филиалы бар. Медицина саласында 20 жыл қызмет атқарып келе жатқан фармацевт, әрі Теректі аудандық «Талап» дәріханасының меңгерушісі ҚаламқасТөремұратова:

– Біздерге дәрілерді Оралдағы «Талаптан» жеткізеді. Аптасына бір рет дәрі-дәрмектер түседі. Бүгінгі уақытта парацетамол, антигриппин, терафлю сынды дәрілерге сұраныс тым жоғары. Әкелген бойда алып кетіп жатыр. Біздерге дәрі аз келсе, онда бір адамға екеуден артық бере алмаймыз. Бәрі заңды түрде, чекпен беріледі. Бағасы да тұрақты. Айталық, аспирин-45, парацетамол-110 (дәл қазір саттықта жоқ),  антигриппин-250, терафлю (10) - 1770,  цефазолин- 190, цеф-3-1400 (дәл қазір саттықта жоқ) теңгеден тұрады, дейді. «Талапта» дәрі бар, тек тұрғындар бағып тұрып талап алады. Сол себепті  басқаларға жетпей жатқаны болмаса.

7B18D8EE-A832-4FF6-8C8C-079FB86D5824

Бұл бірінші дәріхана. Ал екінші дәріхана көптен бері жабық. «Пангереева» деген жеке кәсіпкерліктің ашқан үшінші дәріханасына келдік. Есікті ашқанымыз сол еді, дәріхана иесі бірден «бізде дәрі жоқ, оны сатып алатын да ақша жоқ» деді. Оның айтуынша, аспирин-50, цефазоллин-200 теңгеден болған.Бұл дәріханаға қажетті дәрілерді «Медсервис», «Эмити», «Медина» секілді компаниялар жеткізеді екен. Жеке шаруасына байланысты қазіргі күні дәрі-дәрмекке тапсырыс беру үшін кәсіпкердің қаржысы да болмай отыр. – Дәрілерді азғантай ғана ақшаға алғандықтан, оларды көпшілікке сатпақ түгілі, өзімнің айналамдағы жандардан да ауыспай қалады. Дәріханамды жабатын болармын,–дейді Н.Пангереева.

«Дәрі жетіспеушілігі жоқ» деген сөз – жалған

Шыны керек, көбіміз дәрі-дәрмектің атауын біле бермейміз. Сол баяғы анальгин, аспирин, парацетамолдарды ғана біледі екенбіз. Мына індет келгелі, бұрын-соңды естімеген дәрінің атауын біліп жатырмыз. Соның бірі – пневмония секілді жұқпалы дертке қолданылатын цефтриаксон. Көпшілік «Цеф-3» деп жүр. Халықтың іздейтіні – осы дәрі.

– «Өңірімізде дәрі жетіспеушілігі жоқ» деген сөз – өтірік сөз. Мәселен, таяуда ағам қатты ауырды. Иіс, дәм сезбей, аяқ-қолы құрысып, ауа жетпей, тұншығып өліп қала жаздады. Дәрігер «Цеф-3» деген дәріні жазып беріп еді. Содан Федоровкадағы дәріханаға тұра жүгірдік. Бұл жерде жоқ болып шықты. Қалада жиырмаға жуық дәріхананың табалдырығын тоздырдым. Дәріханаға кіру үшін ұзын-сонар кезек сұмдық енді. Бәрінің іздеп жүргені «Цеф-3». Бір дәріханаға бас сұғу үшін жарты сағат уақытың кетеді. Бір күн кетсе де ештеңе емес, тек дәріміз табылса екен деп тіледік. Содан іздеген дәріміз жоқ. Осы дәріні алмастыратын басқа дәріні сатып алдық. Шыны керек, жаның көзіңе көрінгенде дәрінің бағасына да қарамайды екенсіз. Әйтеуір, табылғанына қуанасыз. Шүкір, ағам тәуір болып, беті бері қарады, – дейді А.Өсербаева.

Ал Ерболат Хұсайынов «Цеф-3» дәрісін Ресей елінен алдыртқанын айтады.

–Аталмыш дәріні Подстепныйдан таба алмадық. Дәріханалардағы сатушылар «Дәрілер әне түседі, міне түседі» деп айтқандарына ай толды. Айнала іздестірдік. Бұл дәрі ауыл түгілі, Оралда да болмады. Алматыдағы таныс-тамырға қоңырау шалдық, тіпті таба алмады. Сосын әлеуметтік желіден балам осы дәрінің Ресей елінде сатылатындығын көріп қалған ғой. Бір таныс арқылы 10 қорабын алдырттым. Бесеуімен егілдім. Қазір аздап жақсы болып келемін. Қалған бесеуін «Цеф-3» іздестіріп, мұқтаж болып жүрген кісіге тегін бердім,– деді ол.

– Ауылдағы аптекаға «Цеф-3» дәрісінің келгенін білемін. Алайда тұтынушылар келген дәріні қорабымен көтеріп алып кетіп жатады. Сол себепті қалғандарына жетпей қалады. Тұтынушылардың қанша дәрі алса да, өз еркі ғой, әрине. Дейтұрғанмен, қазіргі таңдағы жағдайға байланысты адмгершілік тұрғыдан өзгеде жұртты ойлау керек емес пе? Тіпті, араларында ауырып жатпаған жандар да топырлатып дәрі сатып алуда. Аз да болса басқа да шын мұқтаж адамның жағдайын ойласа екен. Мәселен, көршімнің үй-іші аталмыш індеттен, Аллаға шүкір, аман-сау. Бірақ үйінде дәрінің түр-түрі бар. Аптекаға дәрі түсті дегенді естісе болды, ала береді. Дұрыс, алсын! Десек те, өзінің туған бауырының қызының қызуы түспегенде ең болмаса парацетамолды да бермегені адамгершілікке жатады ма?Сондықтан да ел ауырып жатқанда, қара бастың қамын ойламай, халыққа да  көмектесуді ұмытпайықшы. Өтініш, өздеріңен артылған дәрі-дәрмек болса, басқаларға да беріңізші! Тегін таратпай-ақ қойыңыз, ақшасына аламыз.

Айтпақшы, сізде «Цеф-3» бар ма?» деп пікір алып отырған кейіпкерім өзімнен дәрі сұрағанда, сасқалақтап қалдым. Жоқ қой, жоқ!

 Самал Жамет

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале