9.12.2024, 16:30
Оқылды: 82

Чапаевта қоғамдық монша ашылды

Ақжайық ауданы орталығы Чапаевтың тұрғындары үшін санаулы күндерден кейін тарихқа кететін жылдың толымды тартуы – көптен күткен қоғамдық моншаның ашылып, ел игілігіне табысталуы. Өтпелі кезеңнің куәгерлері білер, Чапаевта болған екіқабатты соңғы қоғамдық моншаның жабылғанына да, қателеспесек, 35 жылдан асып кетті. Содан бері бос тұрған қызмет саласын қолға алып, қоғамдық монша тұрғызушы – жеке кәсіпкер Ғабит Қайнеденов.

IMG-20241209-WA0101

Апта дүйсенбісінде осы кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанаты өтіп, оған аудан әкімі Мұрат Сердалин арнайы қатысты.

Айтып кеткеніміздей, аудан орталығына ауадай қажет болған моншаның құрылысын Ғабит Серікұлы былтыр бастаған болатын. Өз қаражатынан кәсіпкер құрылыс жұмысына 100 млн теңге жұмсаған. Көлемі де ауқымды. Қоғамдық монша күніне 70 адамға дейін қабылдай алады. Жеке моншалардан ерекшелігі – тек демалыста емес, аптаның әр күнінде жұмыс істеуге дайын.

Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған. Арнайы ресепшнде сізді сыпайы қызметкерлер жылы шыраймен қарсылап алса, киініп-шешінетін бөлмеге смарт-кілтпен жабылатын шкафтар қойыпты. Білезік ретінде жасалған кілтті тағып алып, шомыла беруге де болады. Жуынатын залы да, бу бөлмесі де кең. Моншадан шыққан соң, демалып, шай ішуге де орын қарастырылыпты. Жаңа моншада Ғайнеден Серікұлы 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Нысанның жұмысымен танысқан аудан басшысы кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі.

IMG-20241209-WA0088

– Қоғамдық монша салу  біз ойлағандай оңай емес екен. Қыруар уақытымыз, қаражатымыз кетті, бастаған істі аяғына дейін жеткізу үшін үлкен күш-қайрат та қажет. «Еңбек түбі – береке» демекші, еңбегіміздің арқасында моншамыз көпшіліктің ойынан шығып жатыр. Заман талабына сай болсын деп, моншаны мейлінше заманауи үлгідегі дизайнмен жасауға тырыстық, – дейді жас кәсіпкер Ғ.Қайнеденов.

Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале