Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов маусым айында Астана қаласында өткен Азия және Океания чемпионатында жауынгерлік самбодан 64 келі салмақта жеңімпаз атанған Әділбек Сеисовпен кездесті.
Кездесуге дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, Әділбектің жаттықтырушылары Қайрат Шарипов пен Қасым Қаженовтер қатысты.
Аудан басшысы ауданымыздың спорт саласындағы жетістігі тағы бір үлкен жеңіспен толыққанын, бұл жеңістің үлкен еңбек пен талмай әзірленудің арқасында келгенін айтып өтті.
- Сіздерді жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жеңіс - ауданымыз үшін үлкен жетістік. Әр мемлекеттің мықты спортшылары бақ сынасқан боз кілем бәсекесінде біздің палуандарымыздың жеңіске жетуі үлкен қуаныш. Бұл кез келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Осындай үлкен дәрежедегі жарыста алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырынан көрінуіңізге бала күніңізден сізді спортқа баулыған жаттықтырушыларыңыздың сіңірген еңбегі орасан зор, - деп ізгі лебізін жеткізді аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы.
Аудан басшысы байрақты бәсекеде топ жарған жерлесімізді жеңісімен құттықтап, ел намысын абыроймен қорғағаны үшін Әділбек Махамбетұлына, сонымен қатар ата-анасына, жаттықтырушылары Қайрат Шарипов және Қасым Қаженовке спортшының жоғары жетістікке жету жолында аянбай еңбектенгендері үшін зор алғысын білдірді.
Әділбекке аудан әкімдігі атынан алғыс хат және демеушілер атынан 1 000 000 теңгенің сертификатын табыстаған аудан әкімі, чемпионның алдағы уақытта өтетін бәсекелеріне сәттілік тіледі.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz