6.11.2021, 13:39
Оқылды: 47

Чувашин төріндегі төре өнер

Тәуелсіздік тойының 30 жылдығына арналған түрлі шаралар легі жалғасуда. Жуырда Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округіне қарасты Чувашин елді мекенінде округ әкімдігі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық қазақ күресі федерациясының қолдауымен ұлық мереке құрметіне және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді іске асыруға арналған аудандық қазақ күресі бәсекесі оздырылды.

IMG_20211106_105601_020

Ұлттық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың санын арттыру және көпшілікті белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға шақыру мақсатында оздырылған жарыс ауыл тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Шағын ғана ауыл ішін думанға бөлеген спорт мерекесін тамашалауға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық қазақ күресі федерациясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбек Хайруллин, аудандық мәслихат депутаттары және меценаттар Есен Сүндетов пен Бекболат Шканов келді.

-Белдескеннің белін үзген қазақ палуандары жайлы аңызға бергісіз әңгімелер негізсіз емес. Кешегі Қажымұқан мен палуан Шолақ бабамыз салған сара жолды Жақсылық ағамыз бен Дәулет Тұрлыханов жалғады. Тәуелсіздік алған соң да әлемдік додаларда жүлде салған апайтөстеріміз қазақ халқының мықтылығын танытып бақты. Ауданның әр шетінен жиналып, ауылдағы бүлдіршіндерге ұлттық күресімізді таныта түскен палуандарға ризашылығымды білдіремін. Боз кілемге шыққан шеберлердің бабы мен бағы келіскен шын мықтысы жеңіске жетсін,-деді бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG_20211106_105600_975

Одан соң өз алған аудандық қазақ күресі федерациясының төрағасы Нұрлыбек Хайруллин жарыс ұйымдастыруға атсалысқан барша жандарға ризашылығын білдірсе, ауыл ақсақалы Григорий Козлов спортшылардың өнері ауыл балаларының қазақ күресіне деген қызығушылығын оятып, ерекше серпін беретінін атап өтті.

IMG_20211106_105600_629

Ауыл халқын бір орынға тоғыстырып, қазақ күресінің барлық жақсы қырларын дәріптеген жарыста 80 келіге дейінгі салмақта белдескендер өгіз, 80 келіден жоғары тартатындар түйе палуанды анықтады. Қиқулаған жанкүйердің шуынан күш алса керек, белдескендер өліспей беріспеді. Әр сәтті қимыл мен әдемі шыққан әдіс өзінің лайықты бағасын алып жатты. Әсіресе жергілікті чувашиндік палуандардың күресі көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

IMG_20211106_105600_443

Жарыс қорытындысында өгіз палуандар бәсекесінің үшінші жүлдесі Жанболат Закаринге, екінші орын Нұрлан Парахатовқа бұйырды. Ал қарсыластарын алып та, шалып та жыққан Айдос Исламғалиев бірінші орынды қанжығасына басты.
Жанкүйердің ерекше қызығушылығын тудырған түйе палуандар жарысында үшінші орынды Мерей Қазиев, екінші орынды Темірлан Батырбаев иеленсе, талай доданың алдын бермейтін Ерлан Мұсағалиев түйе палуан атанды.

IMG_20211106_105600_752

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан берілген бағалы сыйлықтар ұсынылды.

Түгелбай Бисен,

Байтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале