Биылғы «Наурызнама» Бәйтерек ауданында заманауи технологияларды кеңінен қолданумен ерекшеленуде. Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылуда.

Осыған орай ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамын жаңаша форматта насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аудан мектептері, қосымша білім беру ұйымдары мен колледждер ұлттық мерекені цифрлық технологиялармен ұштастыра отырып, түрлі креативті бейнероликтер дайындап, оларды әлеуметтік желілерде жариялауда.
Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлжиян Рамазанованың айтуынша, педагогтер мен оқушылардың жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып «Наурызнамаға» байланысты дайындаған шығармашылық жобалары – білім беру саласындағы заманауи үрдістердің айқын көрінісі. Мұндай жұмыстар оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды заманауи тәсілмен насихаттауға мүмкіндік береді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді сабақтастығының жарқын үлгісі. Сөйтіп оқушылар мен мұғалімдер бірігіп дайындаған бейнероликтер арқылы қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық құндылықтары мен Наурыз мерекесінің маңызы заманауи тәсілдермен насихатталуда.
Нақтылап айтқанда, білім беру ұйымдарында нейроаватарлар, робот дикторлар, генеративті өнер, 3D анимациялар, motion design роликтері, анимациялық инфографикалар, қысқаметражды бейнероликтер сияқты заманауи форматтағы жұмыстар жүруде. Сонымен қатар ұлттық киім киген роботтар мен нейроадамдар бейнесіндегі шығармашылық жобалар да көпшіліктің қызығушылығын тудыруда.
Осындай шығармашылық жұмыстарға Достық жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Мәдина Нұрлыбекқызы да белсенді қатысуда. Оның айтуынша, жасанды интеллектпен жұмыс жасап, зерттеп, үйрену өзіне өте қызықты.

– Жасанды интеллектпен түрлі жобалар жасау маған ұнайды. Мектепте де оны жиі қолданамын. Алғашқы жасаған жұмысымның тақырыбы «ЖИ: қазақ киімін киген робот» болды. Сол роботқа арналған мәтінді өз ойымнан жазып, оны сөйлеттірдім. Кейін тағы бір видеомда көктемгі таң, хан ордасы, киіз үйлер және адамдардың Наурыз мерекесіне дайындалып жатқан көріністерін бейнелейтін суреттерді жасанды интеллекттің көмегімен жасап, бейнеролик құрастырдым. Өзім жиі қолданатын қосымшалардың ішінде ChatGPT, Character.AI және Microsoft Copilot бар. Бұл бағдарламалар сұрақтарға жауап беруге, түрлі ақпарат жинауға, мәтін жазуға және сабақтарға көмектеседі. Ал Remini, PicsArt, Dream by WOMBO сияқты қосымшалар мәтін арқылы сурет жасауға, суреттерді өңдеуге және сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Видео мен дауысқа арналған қосымшалардан CapCut пен Voicemod қолданамын. CapCut арқылы видеоларды монтаждап, субтитр жасаймын, – дейді ол.

Дайындалған шығармашылық жұмыстар әлеуметтік желілерде жарияланып, кең аудиторияға ұсынылуда. Бұл бастама жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мұраны жаңа форматта танытуға мүмкіндік беріп отыр.
Гүлім Мақсотқызы
Бәйтерек ауданы