–Бөкей ордасы ауданында жағдай күрделеніп тұр. Қазір ауданымыз коронавирус індетіне шалдыққандар көрсеткіші бойынша «қызыл аймаққа» енгеніне екі аптаның жүзі болды. Маусым басталғалы 41 бөкейлікте аталмыш вирус анықталды. Жыл басынан ауданда коронавирус инфекциясымен 116 адам тіркелсе, соның көпшілігі, нақтылап айтсақ, 35%-ы соңғы екі аптада анықталып отыр. Қазір аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 8 науқас емделуде. Осы кезге дейін науқастар негізінен округ орталығы тұрғындарында анықталып жатса, енді Қарасу сынды шағын елді мекендерде де бұл ауру белең алуда.
Жұқпалы болған соң ол отбасының бір мүшесінен екіншісіне жұғып, нәтижесінде түгел отбасы дертке шалдығуда. Осындай жайлар Орда ауылдық округінде көптеп байқалып отыр. Сондықтан бұл округте арнайы қаулымен шектеу шаралары күшейтіліп, сақтық талап етілуде. Қаулы екі аптаға шығарылды. Ауру көрсеткішіне қарай ұзартылады немесе тоқтатылады. Бұл дертке шалдыққандар тек Ордада емес, Сайқында да анықталып отыр. Сондықтан «ауру бізде емес» деп босаңсуға болмайды. Қайта бәрімізге белгілі шектеу мен сақтық шараларына ден қойып, әрқайсысы өз саулығына сонымен қатар айналасына да жауапты екендігін ұмытпау шарт.
Бұл ауру асқынған жағдайда өлімге әкелетіні рас. Жыл басынан ауданымызда осы дертпен бір өлім тіркелді. Ауруға салғырт қарау, көпшілік жерлерге барып, шектеу шараларын бұзу дертке шалдыққандарды, өлім-жітімді көбейтуі ықтимал. Шектеу талаптарының орындалу барысын мобильді топ тексеруде екені баршаға белгілі. Жыл басынан осындай рейд нәтижесінде бір лауазымды, төрт жеке тұрғынға айыппұл салынып, 510475 теңге көлемінде қаржы өндірілді,– дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Света Рамазанова.
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz