14.03.2023, 22:06
Оқылды: 76

Cу тасқыны: Сырымдағы жағдай қатаң бақылауға алынған

Өңіріміздегі су тасқыны бойынша қалыптасқан жағдай әжептәуір алаңдатып отыр. Биыл наурыздың басында ауа температурасы күрт жоғарылап, осының салдарынан еріген қар суына толған өзен, көлдер арнасынан асты.

12C4D045-0507-43A3-A984-6BE233702DA1

Апат айтып келмейді. Су тасқынының бетін қайтару да оңай іс емес. Табиғи апатпен күреске барлық күштер жұмыла кірісіп, қолдан келгенін жасап жатыр.

4EDD928C-47BA-4C0B-8FC6-6E92340E8099

Бүгін Сырым ауданында болып, қазіргі жағдайды біліп қайттық. Шідерті, Өлеңті өзендерінің жағасын мұз дәуіріндегідей мұз құрсаулары басқан.

Жымпиты ауылының кіреберісіндегі Өлеңті өзеніндегі көпірде төтенше жағдай қызметі кезекшілікте тұр. Судың беті қайтқан, тәулік бойы жүргізілген кезекшілік пен тұрғындардың белсенділігі өзен жағасына жақын орналасқан үйлер мен қора-қопсыны су басудан алып қалуға көмектескен. Тұрғындар уақытша ауыл ішіндегі жақын, туыс, достарының үйіне көшірілген. Суды сору жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда.

- Сырым ауданы Жымпиты ауылында 13 наурыз күні ауа райының күрт жылуына байланысты Өлеңті өзені өзінің арнасынан шығып, Жымпиты ауылына қауіп төндірді. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатарынан 40 адам, 7 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда 8 су сорғы құралдарымен 2000 текше метр су сорылды. Су басқан үйлердің тұрғындары өз күштерімен көшті. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, Өлеңті өзенінің жағалауына 3000 қап инертті материал қапталып, төселді, - деді қазіргі жағдайды баяндаған Сырым ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Жасталап.

Жымпиты (60)
Су басқан үйлердің тұрғындары ауылдағы тума-туыстарына көшкен. Кейін аула мен қораларға кірген судан​ малдарын айдап шығып, қауіпсіз жерге жеткізген.
- 11 наурыздан бастап су көтеріле бастады. Мұз көтеріліп, қазық қағып түні бойы ұйықтамай жүрдік. Аудан әкімі келді, алдын ала дайындық бастады, құм төседі. Түскі уақытта судың деңгейі бір көтеріліп, қайта түсті. Түстен кейін сағат 4-5-терде мүгедек әкем бар еді, әкемді ағамның үйіне апардым. Өзім қайта оралғанша 10-15 минут өткен шығар, сең келіп мына жердің тас-талқанын шығарған. Үйге келіп тұрған газ бүлінді, жазғы сарайым кетті. Еден биік еді, сол еденнің астынан су кетті. Үйге жалғап салған бір бөлмеме су кірді. Көрші үйлерге су кірді. Көрші апамның сарайы құлады. Біз осы жерде туып-өстік, бұрын мұндай жағдай болса да үлкендер көрген шығар. БІрақ өзім мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Мұзды алдын ала жарса, тап осындай болмас па еді деп ойлаймыз. Комиссия құрылып, үйімізді тексеріп қараса екен, жарамсыз не жарамдылығын анықтаса деген өтінішіміз бар, - дейді су тасқынынан зардап шеккен Қанат Сайлауұлы.

Жымпиты (110)

Қазіргі уақытта үйлер тұруға жарамсыз, жылыту жүйесі жоқ, газ айырылған. Электр қуаты кей жерлерде ғана бар. Үйдегі жиһаз, төсем, тұрмыстық техниканың үлгергенін жоғарыға көтеріп қойған, қалғаны су астында қалған.

2529DFC0-D97C-492E-8FB6-F6F5EB8D07E1

Үй-жайды, қора-қопсыны су басқан, абырой болғанда адам не мал шығыны болмаған. Жергілікті әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарымен бірігіп, ұйымдасқан түрде адамдар мен малдың қауіпсіз жерге жеткізілуін қамтамасыз ете алған.

EB8D3B9C-E657-4E40-BA33-66704779AB26

Жымпиты (136)

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев:
- Наурыз айының алтысынан бастап қар ери бастады. БІз қар шығару жұмыстарын ақпанның 23-нен бастадық. Бүгінге дейін 5000 текше метр қар шығарылды. Өзіміздің қолымызда бар ассенизаторлар мен мотопомпалар, оған қоса төтенше жағдай қызметі қосымша әкелді. Өлеңті өзенінің көтерілуі наурыздың 11-нен 12-не қараған түні, 12-нен 13-не қараған түні болды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға ауыл тұрғындары белсенді қатысты, оларға жергілікті кәсіпкерлер де ықыласпен көмектесті. Ыстық тамақ ұйымдастырды. Жеке қожалықтар өздерінің техникасын жұмылдырды. 120 тонна құм дайындадық, осының барлығы ауылды судан қорғауға жақсы көмектесті. Өлеңті жағалауында тұрған үйлердің аулаларына, қораларына су кірді. Өлеңті ауылындағы 4 үйге су кірді. Өлеңті өзені жағасындағы Жымпиты ауылындағы Сейфуллин көшесіндегі үйлерге су кірген жоқ, аулалар мен қораларға кірді. Адам шығыны, мал шығыны болған жоқ. Осы жағдайдан зардап шеккен үйлерге комиссия міндетті түрде құрылады. Әрі қарай жұмыстанамыз, - деп бүгінгі қалыптасқан ахуал жайлы айтып берді.

Жымпиты (62)

Жымпиты (143) (1)

Жымпиты (153)

Жымпиты (105) (1)

Сырым ауданында төтенше жағдай жарияланбады. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың шығынын тиісті комиссия анықтап, өтелуін қамтамасыз етеді деген сенімдеміз.

 Альфия Шамаева,

Суретке түсірген:  Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале