Сырым ауданындағы тасқын судың салдарынан келген залал мен зиянды есептеу үшін арнайы комиссия жұмысқа кірісті.
Құрамында аудандағы бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен мәслихат депутаттары су кірген үйлерге барып, иелерімен кездесіп, шығын тізімі жазылып жатыр.
С. Сейфуллин көшесіндегі көрініс көңілге ауыр тиеді. Үйлер сағаттар бойы белуардан суда тұрған. Саман тастан соғылған баспаналардың қабырғалары сыр берген.
Бір қабатының құлап, жарылғаны өз алдына, қисайған, отырған үйлер де бар. Жиһаздар, тұрмыстық техникалардың барлығы дерлік жарамсыз.
Топан су Өлеңтідегі Ақдала көшесін де аямаған. Судың ең биік деңгейі де осы жақта сақталған секілді. Үй құлап, мал қырылып, бейнетке салып отыр.
Комиссия дефекттер туралы актіні аудан әкіміне тапсырады. Залалдар қай деңгейде, қандай жолмен өтелетіні туралы кейін айтылады.
ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев кеше еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.
- Барлық шығын өтеледі, - деп мәлімдеді сол жиында мемлекет басшысы.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz