Соңғы уақытта Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ханкөл елді мекеніндегі түрлі оқиға елдің үрейін қашырды. Жұрттың айтуынша, онда «сары қыз бен әжейдің елесі» бар көрінеді.
Осыдан тура 2-3 ай бұрын аудандық білім бөліміне жүк тиеп келген «КамАЗ» көлігі жүргізушісінің тылсым оқиғаға тап болғандығы көпшілікке белгілі. Осы оқиғадан кейін әлі көлік жүргізушісі аудандық мешіттің имамына жолығып, өз-өзіне келді. Қазіргі таңда жүргізушінің жағдайы жақсы. Әлеуметтік желіде тараған қайтыс болды деген, тағы да басқа ақпараттар жалған.
Дәл қазіргі жағдайда халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызға ие. Әлеуметтік желі беттеріндегі теріс ақпарат тасқынынан абай болғанымыз абзал. Жалған ақпараттың адамды жарға жығатыны бар. Алдымен арандатушылардан сақ болайық. Аудан жұртшылығына айтарымыз, болып жатқан жағдайды әбден сараптап, салмақтап, байыбына барып, шешім қабылдарда сабыр мен ақылға салғаныңыз жөн. Өзіміз де арандамайық, ағайынды да арандатпайық. Желіде отырып желігу қиын емес.
Оралдық Нұртай Текебаев есімді әріптесіміз Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Оралдан не хабар?» атты тобында «Қаратөбе ауданындағы жол хикаялары мен жын-пері оқиғалары туралы ауызекі әңгіме кеңінен тарап жатыр. Қаншалықты рас?» деп сауал тастаған екен. Әрине, журналист ретінде өтірік-шынын білгісі келгені ақиқат, алайда пікір білдірушілердің түрлі жазбасын оқып, жағаңды ұстайсың.
– Әлеуметтік желіде түрлі алыпқашпа әңгіме жүруде. Ханкөл жеріндегі өмір сүрген ақсақалдардың, қасиетті адамдардың, қазіреттердің рухына Құран бағыштайтын жыл сайынғы дәстүр бар еді. Сол дәстүр елдегі жағдайға байланысты биыл жасалмай қалған болатын. Санитариялық талапқа сәйкес аз адам жиналып, ашық жерде рәсім жасалып, марқұмдар рухына дұға бағышталды. Имам да келіп, халыққа түсінік берді. Бұл рәсім адамдардың дүрлігіп, үрей тудырмауы, жол-көлік апатының болмауы үшін жасалды. Ауыл тұрғындарын сабырға, нақты ақпарат көзіне сенуге шақырамыз, – дейді Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев.
Бұл жөнінде аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Төлебайұлы былай дейді:
– Елес кезіп жүр деп дабыра қылудың қажеті жоқ. Бұл – алыпқашпа әңгіме. Кейбіреуге көрінгені рас. Ал оған өз жанынан қосып айтып, әлеуметтік желіге салып, үрей тудыру – қателік. Жалпы, жындар әлемі деген бар нәрсе. Иә, жын адамға зиян тигізуі мүмкін. Жындар көбінесе лас және таза емес орындарда, жапан түзде, шөл далада жүреді. Сондықтан жеке бастың тазалығымен қатар үйдің айналасын, ауылды таза ұстау керек. Бірақ Ханкөлдегі оқиғалар адамның қиялынан туған дегенге келеді. Алаңдайтындай ештеңе жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес қауесет таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. «Жалған мәлімет тарату» бабында ең ауыр жаза ретінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. БАҚ немесе әлеуметтік желі арқылы өсек таратқан адамға 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, осындай көлемде түзету жұмыстарына жіберу, бас бостандығынан 2-5 жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру жаазасы тағайындалуы мүмкін.
Р.S. Әрине, болып жатқан жағдайлар бойынша біржақты пікірде қалуға болмайды. Жолда жүріп түрлі тылсым жағдайға тап болған азаматтар болса, редакциямызға хабарласуына болады.
Маралбек Амантаев,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz