10.08.2025, 19:00
Оқылды: 252

«Дала дағдылары»: Ұлттық өнер мен ауыл тіршілігінің жарасымы

Казталов ауданында “Ауыл LIFE” жобасының қатысушыларының қатысуымен тарихтың тереңінен жеткен дәстүрлер мен ата-бабамыздың өмір салтын бүгінгі күнге лайықтап дәріптейтін ерекше форматтағы «Дала дағдылары» атты ұлттық-спорттық мәдени іс-шара өтті.

image-09-08-25-06-21

Ауыл тіршілігін шынайы кейіпте көрсеткен бұл шара – нағыз ауыл өмірінің энциклопедиясы іспеттес болды.

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – жастарға ұлттық құндылықтарды таныту, ескі мен жаңаны ұштастыра отырып, ауыл еңбеккерінің мәртебесін арттыру. Қатысушылар дәстүрлі тұрмыстық және спорттық бағыттағы он түрлі сыннан өтіп, шеберліктерін көрсетті.

image-09-08-25-06-21-2

Іс-шараның әрбір бөлімі көрермендер мен қатысушыларға ұлттық дәстүрлердің байлығын, ауыл өмірінің ерекшеліктерін және ата-бабаларымыздың өмір сүру салтын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай шаралар арқылы ұлттық мұрамызды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге үлкен үлес қосамыз.

Іс-шара барысында қатысушылар келесі бағыттар бойынша өз шеберліктерін сынады:

«Сауып ішкеннің дәмі бөлек» бөлімінде нәзік жанды қыздар сиыр сауу шеберліктерін көрсетіп, ауыл тұрмысының маңызды дағдыларын паш етсе «Қастерлі кәсіп» бөлімінде бөлімде жігіттеріміз қой союдың дәстүрлі әдістерін көрсетіп, етті мүшелеу мен өңдеудің қыр-сырын таныстырды. Келесі бөлімде қыздар ауылдың аспаздары ұлттық тағамдарын дайындап, дәмі тіл үйірер ас мәзірін ұсынды. Ал «Бірлік күш береді» бөлімінде арқан тартысып, командалық ойын арқылы қатысушылар бірлік пен күштің маңызын көрсетті.

«Ат – ер қанаты» демекші жігіттер атқа құрық салу шеберліктерін көрсетіп, атпен жұмыс істеудің әдістерін таныстырса, қыздар «Ауылдың ақ дәмі» деп құрт дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін көрсетіп, тағамның маңыздылығын түсіндірді. Жігіттер қой көтеру арқылы күш пен төзімділіктерін сынаса, қыз-келіншектер ұршық иіру арқылы қолөнердің нәзік тұстарын көрсете білдірді. Ләңгі тебу арқылы жігіттер ептілік пен шапшаңдықтары бойынша сынға түсті.

Байқау соңында үздік қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Тартысты өткен жарыста І орынды “Қосөзен” командасы иеленсе, ІІ орынды “Жарқыра” командасы, ІІІ орынды “Рух” командасы қанжығаға байлады.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев барлық қатысушыларды құттықтап, әлемдік ареналарда Қазақстанның туын биікте желбіретіп жүрген, самбо және дзюдо спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия және әлем чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрбол Серіковқа жерлестері атынан тұлпар мінгізді.

Халықаралық жастар күні аясында өтіп жатқан «Ауыл LIFE» жобасы ерекше мазмұнмен және жастардың белсенді қатысуымен есте қалды. Жобаға ерекше қызығушылық танытып, ұлттық спорт пен асхана сайыстарында жоғары деңгейде шеберлік пен ұйымшылдық көрсеткені үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің атынан Қазталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығына алғысхат табысталды. Алғысхатты БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев арнайы табыстап, жобаның маңызын атап өтті. Бұл марапат — аудан жастарының бірлігі мен белсенділігіне берілген әділ баға.

Мұндай мәдени шаралар – ұлт болмысы мен дәстүрін жаңғыртудағы маңызды бастама екені анық. «Дала дағдылары» – ұлттық болмыс пен ауыл рухын дәріптейтін үлкен мереке болды.

- “Ауыл LIFE” жобасы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қаланың күйбең тіршілігіне сіңісіп кеткеннен кейін, ауылдың тыныш, таза ауасы миымызды тынықтырып жатыр. Мәні бар жобаны аудан ұйымдастырушыларына және облыстық жастар ресурстық орталығына алғысымды білдіремін. Мұндай жобалар жастарды ұлттық құндылықтармен байланыстырып, ауыл өмірінің шынайы келбетін танып-білуге жол ашады. Алдағы уақытта осындай игі жобалар жалғасын табады деген ойдамын, – деп бөлісті жоба қатысушысы, айтыскер-ақын әрі әнші Райымбек Өтепов.

– Осы жобаның арқасында кеше алғаш рет киіз үйге келіп, түнедік. Шаңыраққа қарап, жерден ерекше бір энергия алғандай болдық. Бұл сәт мен үшін өте әсерлі болды. Таңғы салқынмен оянып, күннің шығуын тамашаладық. Табиғаттың тылсым тынысы жанымызға тыныштық сыйлады. Жоба аясындағы екінші күн де ерекше басталды. Жігіттер қой сойып, қыздар ет асып, нан илеп, ауыл өмірінің қызықты сәттерін бастан өткерді. Жүн түтіп, ұршық иіру секілді ұмытылып бара жатқан дәстүрлі істерге араласып, сонау балалық шақтағы әже-аналардың мейірімі мен жылуын еске алған қатысушылар көздеріне жас алды. Киелі Казталов ауданында өтіп жатқан “Ауыл LIFE” жобасы ұлттық рухымызды оятты. Бұл жобадан алған әсеріміз – ұлттың болмысын сезіну. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – деп жоба қатысушысы Бибінұр Хамит өз әсерімен бөлісті.

- 2021 жылы бастау алған «Ауыл LIFE» жобасының мақсаты — қаладағы белсенді жастарға ауылдың тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен салт-дәстүрін жақыннан көрсету. Біраз уақыт үзілістен кейін жоба биыл қайта жандануда. Облыс басшылығы мен Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жобаға қаржылай көмек көрсетіліп, ауқымды түрде ұйымдастырылуда.

image-09-08-25-06-21-1

Биылғы кезеңге әлеуметтік желілер арқылы іріктелген, облыстағы белсенді 15 жас (9 ер бала, 6 қыз) қатысып жатыр. Олардың ішінде ауылда туып, кейін қалаға қоныс аударған жастар да бар. «Туған жерін ұмытпай, ауылдың қадірін түсінсін деген ниетпен жобаға тарттық. Қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерге негізделген сайыстарда бақ сынап, ауыл өмірінің қызығы мен шыжығын бірге сезініп жатыр. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасып, жастар мен ауыл арасындағы байланысты күшейтуді мақсат етеді»– дейді жоба ұйымдастырушысы, БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ихсанұлы.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале