Бөрлі топырағын дүбірлеткен ұлан-асыр той өтті десе де болатындай.
Аудан әкімдігі және «БҚО «Бәйге» федерациясы» қоғамдық бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен Ақсай қаласы 55 жылдық мерейтойына арналған "Жайық жүйрігі - 2022" бәйгесі елдің делебесін қоздырып, көпті сүйсінтті.
Шараға аудан тұрғындары көп жиылды. Бәйгенің алғысөзінде аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ұлттық ат спортын дамытуға үлес қосушыларға алғыс айта отырып, шабандоздарға сәттілік тіледі. Бәйгені ұйымдастыру барысына демеушілік жасап, атшабар алаңды дайындауда көмек көрсеткен, басқа да қолдауда шет қалмаған "Аксайавтотранс" АҚ директоры Хасанов Идятулла , "Дока Строй Ком" ЖШС басшысы Таженов Азамат, "ЗеленСтройСервис" ЖШС директоры Гиззатов Асылбек, "Беріш" ШҚ басшысы Мұрзашев Серікбай есімді ауданымыздың жанашыр азаматтары бәйге федерациясының президенті Есенғалиев Берік Абатұлы атынан алғысхаттармен марапатталды.
Чемпионатқа Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Бөрлі ауданы командаларының шабандоздары сынға түсті.
Жарыстың қорытындысы бойынша Тай жарысының 3 шақырым қашықтығын бағындырып, бас жүлдені Усенов Еділдің "Нұрқасқа" атты тұлпары алса, Әділетов Миржанның "Анықтауыш" пен "Баяндауыш" есімді тайлары екінші және үшінші орынды иеленді. Қол тума тайлардың 6 шақырымдық сынында Кыдыров Иманның "Алтын Алқасы" бірінші келсе, Камешов Асхаттың "Асыл жирені" екінші, Әбілов Маралдың "Қара сайқаны" үшінші келді. Ақжайық типті құнан жарысы 6 шақырым қашықтықта Есқалиев Махамбет жаратқан жүйрік бірінші орын алды. Байтақов Жомарт қосқан "Фломастер" екінші келсе, Иманжанов Виталий "Миллион" есімді тұлпары үшінші орын алды. Құнан бәйгесінде 12 шақырым қашықтықта Мырзағалиев Алдонгардың "Бұйымтайы" алдына қара салмады. Екінші орынды "Отбасы" ШҚ "Жібек" атты тұлпары еншіледі. Сүйсінов Абдулланың "Хантөрі" үшінші орынды қанжығалады. Топ бәйгеде Жәкеш Ерболдың "Үміті" үмітті ақтап бірінші келсе, Избасаров Қайрат қосқан "Гүлімі" екінші келді. "Құлагер" ШҚ қосқан "Жебесі" жүйріктігін көрсетіп, үшінші орыннан көрінді.
Ел асыға күткен Аламан бәйгеде Ақтаудан келген Ибраев Келдібайдың "Еркеторысы" мен "Айкүреңі" бірінші, екінші орынды қанжығалап нағыз бәйге көрсетті. Үшінші орынды Жаңабаев Болат жаратқан Бәйтерек ауданының намысын қорғаған "Сильвия" жүйрік еншіледі.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz