18.06.2018, 11:38
Оқылды: 31

«Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Тасқала ауданында болды

дала дидары (3)Өңір және аймақ тұрғындарының назарына ұсынылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Тасқала ауданында болды.

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының бастамасымен «Қадыр жолымен...» жобасы жүзеге асуда. Аталмыш жобаның қолға алынғанына бір жылдай уақыт болған. Сол аралықта жоба аясында өнерді дәріптеген шаралар ұйымдастырылып, көпшілікке жол тартқан. Соның бірі - «Дала дидары» әдеби-сазды кеші.

-Концерт барысында Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жыр шумақтары оқылады. Сондай-ақ өткір тілді, орақ ауызды ақынның қағытпа қалжыңдары мен даналық ойларына кезек беріледі. Жалпы бұл жобаның авторы орталығымыздың директоры, айтыскер ақын Бауыржан Халиолланың жетекшілігімен жүзеге асуда. Алдымен облыс орталығында тұсауы кесілген жоба осы аралықта біршама жерлерді аралады. Тек өңіріміздің аудандарында ғана емес, Атырау, Маңғыстау облыстарының сахнасында өнер көрсетті. Биыл мамыр айында Астана мен Алматы шаһарларында болып қайтты. Алдағы уақытта өзге де аймақтарды аралау жоспарда бар,- дейді орталық қызметкері, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында қолға алынған жұмыстың негізгі мақсаты - төл өнерді дәріптеп, Қадыр ақынның шығармашылығын халыққа жеткізу. Құрамында орталықтың ғана емес өзге де мәдени ошақ өнерпаздары бар ұжымның ауданымызға табан тіреуі бірінші рет. Десек те, сахнада шырқалған ән мен оқылған жыр, айтылған әңгіме шараның көркін кіргізіп, халық қошеметіне ие болды. Шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева өнер иелеріне сәттілік тілеп, аудан әкімі А.Халеловтің атынан алғыс хат табыс етті.

            Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале