Ұлы Жеңіс мерекесі құрметіне Ақжайық ауданының Базаршолан ауылында бірнеше ауылдың өкілдері қатысуымен түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Бірнеше қашықтыққа ат бәйгесі өтті. І орынды 22 шақырымдық жарыста Құбайдолла Биғазиев, 12 шақырымда ақсуаттық Жанғабыл Сәтбаев, 3 шақырым, яғни тай жарысында теректілік Яков Липнаудың аттары иеленді. Олар 100 мың теңгеден бастап, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қазақ күресінен көршілес Сырым ауданынан Нұрымжан Ғаббасов «түйе балуан» атанса, қой көтеруден сол ауданның спортшысы Темірлан Ғаббасов, жүгіруден базаршоландық Ұлан Жұмақұлов, арқан тартыстан жергілікті жастар жүлдегер атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Өнербек Жанбалай жетекшілік ететін «Сарыжайлау» шаруа қожалығы мен басқа да ауыл кәсіпкерлері демеушілік көрсетті.
Рахмет ҚАЛИ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz