12.08.2021, 11:49
Оқылды: 27

Дала төсін төрт түлікке толтырған

Ақжайық ауданы Мерген ауылдық округіне қарасты қырлықта 154 бас қазақтың ақ бас сиырын, 300-ге тарта қой мен үш үйір жылқыны өргізіп отырған шаруашылық иесі бар дегенді естіп, жолға шықтық. Қасымдағы әріптестерім бұл шаруаны бұрыннан танитын сыңайлы, қызба мінезін меңзеп, «Оқыстау сұрақ қойып, жаяу қашып кетпе», - деп әзілдеп қояды.

IMG_4982

Бұл шыққан сапарымызда бізді ауылдық округ әкімі Жұмабек Ғалымжанов бастап жүрді. Грачи су арнасының бойындағы «Жаппас» шаруа қожалығының қыстағына беттеткен сапар барысында биыл көк майсаның былтырғыға қарағанда бітіктеу екенін айтып, шүкірлік етіп келеді. Расында да, шүкір айтатын жөні бар екен. Далада көк жайқалып тұр.

– Бұл шаруашылықтың іргетасы сонау 1998 жылы қаланған болатын, - деп бастады әңгімесін біз келген шаруашылықтың иесі Болат Есенғалиев.

Тілшінің әдеті емес пе, жазылатын тақырыпты алдын ала зерттеп, зерделеп, деректермен қаруланып алатыны. Бізде бар сондай мәліметтердің бірінде қожалық 2008 жылы құрылды делінген. «Бұл қалай?» - деп сұраған едік, жігіт ағасы неліктен екенін түсіндіріп берді.

Сөйтсек, аттай 25 жыл жол полициясында жұмыс жасаған ағамыз қожалық құрмастан он жыл бұрын осы жерді алып тастаған екен. Ауданда, Орал қаласында, «Көшім» МАИ бекетінде жасаған абыройлы еңбегінің арқасында капитан дәрежесімен 2017 жылы зейнетке шығыпты. 2008 жылдың көктем айында ресми тіркелген қожалықтың тізгінін сол кезде апасы Светлана ұстаған көрінеді. Бастапқыда барлығын ұйымдастырып, екі інісіне бағыт-бағдар берген де сол. Сонау кездерде ауылдан бес сиыр, бір бұзау, үш қойды  қыстаққа жеткізгенде, қоныстайтын шатыры да жоқ, иен далада тірлігін өрістететініне күмәнданғандар болатын. Алайда «Тәуекел тау жығады» дегендей, ерінбей еңбек еткеннің ырысқа кенелетініне бүгінгі көрініс дәлел. Светлананың «екі інісі» деп отырғанымыз – осы Болат пен ағасы Марат. Алғашында трактордың тіркемесімен сүйреп әкелінген шағын ғана бөдкеде қоныстанған жігіттер араға жыл салып, дала төсіне баспана мен қора тұрғызады.

Ақ1

Қолдағы қаражатқа Аңқаты ауылынан қазақтың ақ бас сиырларының жиырма шақтысын, артынша Жаңақала өңірінен еділбай қойларын әкеледі. Бүгінде үш үйірде үш бөлек жайылып жүрген жылқылар кезінде аудан орталығының «Мұнай базасы» аумағында механизатор болған марқұм жылқықұмар әкесі  Жайсаңбай Есенғалиевтің өсірген қылқұйрықтарынан көбейген десе, біреу сенер, біреу сенбес.

Өмірдің ащысы мен тұщысы қатар татылады кейде адамға. 2017 жылы ағасы Марат аяқасты бақилық сапарға аттанып, барлық шаруа мен жауапкершілік кейіпкеріміз Болатқа жүктеліпті.

Әңгімелесе жүріп, іргеде жайылып жүрген табынға қарай беттедік. Қой мен жылқы алыста секілді, қожалық иесі басын шұлғи көрсеткен бағытта олардың қарасы көрінбеді. Ал сиырлар жайылып келіп, үй маңына тоқыраған, себебі кешқұрым уақыт болатын. Осыншама ірі қара, қой-ешкіні жалғыз өзі бағып отырған адамға көкейдегі сұрақтарды осы жерде қойдық.

– Шөптің шығымы жақсы. Былтырдан қалған 500 дана орама, биыл тағы 500-ін қостым. Әлі осындай ораманың екі мыңын дайындаймын деп жоспарлап қойдым. Артығымен қамдамасақ, болмайды. 3-4 жылға созылған қуаңшылықтың салдарынан жер жұтап тұр. Келер жылы су келмесе, көктің сирек болары тағы аян. Десе де, артылып жатса, округ орталығындағы шөпке мұқтаж, жағдайы төмен ағайынға қол ұшын созу жағын да ойластырғам. Техникам түгел – тіркеме, шалғы, бәрі де бар. Мені шаруа қожалықтарында қызмет етуге ниеттілердің жоқтығы алаңдатады. Қазір адамдардың бәрі жалқаулыққа салынған ба? Осы жердегі жұмыстың қай түріне шақырсам да, көбінің келгісі жоқ. Мүмкін, еңбекақыларын аз төлейді, алдап кетеді деп қауіптенетін шығар. Біреудің маңдай тер ақысын жеп, қиянатқа қалар жайым жоқ. Осыған дейін еңбек еткен азаматтарға азық-түлігін тегін беріп, еңбекақысын уақтылы төлеп отырдым. Өзінің малы болса, бірге бақсын, сөзім жоқ, - дейді шаруа иесі.

Ақ2

- Бүгінде өзекті мәселенің тағы бірі – малға қажет су. Бұған дейін бұл жағынан еш уайым болмайтын. Іргемізден арнасы толы канал ағып жатыр. Ал былтыр өмірі табаны көрінбеген Грачи кеуіп қалды. Биыл да там-тұмдап көктемде су келгенімен, қазір қотарылып тұр. Қойлар еркін әрі бері өтіп жүр, келер жылы бұған су келмесе, онда жағыдай мүлдем қиындай түспек.

Мал шаруашылығына бағытталған ауданбыз, билік басындағылар бұл мәселенің түйінін тарқатып, шаруаларға емін-еркін еңбек етуге жағдай жасауы керек-ақ. Арнадан асып жатпаса да, төрт түлігімізді суаруға жетіп тұрса дейміз. Ағын суға сенген жарамайды да, біз және осы айналадағы тағы екі шаруа қожалығы құдық соқтырып алдық. Қауқары жақсы, күніне 3 тоннадай су шығарып тұр, - дейді шаруагер.

Үйге қарай беттегенімізде, алдымыздан ақ жаулықты әже шықты. Бұл Болаттың анасы, қолдаушысы, сексенге аяқ басса да, қайраты мықты, ұлына көмекші болған Қымбат анамыз екен. Мән жайды білгесін, бірден әзілдеп, қағытып ала жөнелді.

«Аа, тілші балаларым екенсіңдер ғой, жүріңдер, мен қойлардың қасына суретке түсейін. Қазіргі жалқау жастар мен үйлерінде жатқан менің құрдастарыма көрсетіңдер, қойды қалай бағу керектігін көрсін».

Әйтсе де бұл кісіге қой бақтырып қоятын ұл қайдан табыла қойсын. Қырда көп болмай, үйге қайтуын өтініп жатыр. Ал шындығында, отардан қалып қойған қозы-лақ болса, қайтара салу Қымбат анамызға түкке тұрмайтын сыңайлы.

Бөкең әңгімесін әрі жалғады.

– Осыдан артық қандай жұмыс керек? Зейнетке шыққан соң, қайта жұмыс сұрап, жұртты мазалап қайтейін. Дала төсінде ауа да тап-таза. Бір тоқтың қоздаса, балаша қуанасың. Себебі төккен теріңнің, көрген бейнетіңнің ақысы бұл, еңбек еткен ерге келген дәулет. Шүкір, шаруамыз біртіндеп алға басып келеді. Бәрі Жаратқанның демеуі мен мені бала көріп, қасымда шауып жүрген анамның арқасы, - дейді Болат.

Түзде Болатты анасы қолдаса, қара шаңырағында бабын тауып, бар жағдайын жасап отырған жолдасы Майра бар. Екеуі көтерген шаңырақтың берекесін бүгінде екі ұл мен қызы шалқытып отыр. Тұңғыштары Әли өз алдына шаңырақ көтеріп, Нұр-Сұлтанның төрінде қоныс тепсе, қызы Мерует жоғары білім алуда. Сүткенже Қайсары мектептің 5-сыныбына аяқ баспақ. Майра жарының еңбегіне ғана арқа сүйеп отырмай, осыдан 5-6 жыл бұрын Орал қаласында ашып, ырымдап «Сәтті» деп атаған дүкеннің шаруасын дөңгелетіп отыр.

Дала төсін төрт түлікке толтырған шаруалық иесі жайында қысқаша осы. Байқағанымыз, Бөкең «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген мақалды көп қолданады екен. Расында солай-ау. Ал басында сапарластар айтқан әзіл жүз пайыз орындалмай қалды. Қатулау көрінгенімен, біресе орынды әзілімен қағытып, енді бірде ағалық даналығымен таңырқатады. Қарапайымдылығы мен ақжүректілігі өз алдына. Мергендегі қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, тағдырдың тәлкегімен қиындыққа тап болған талай отбасыға жасаған көмегі бір бөлек. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деп осындай адамдарға қатысты айтылса керек.

Елуді еңсерген жігіт ағасы қоштасарда жастарға мынаны айтты: «Міне, ердің жасы елуді қарсы алатын күн де жақын. Әйтсе де әлі жас баладай шауып жүргенім – әрдайым дем беріп, қолдау көрсеткен анамның арқасы. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген дұрыс екен, қайыспай, қасқайып, анамыз алдымызда тұрса, біздің қартаюға қақымыз да жоқ. Ал сол ата-анасының мойынына мініп, тепсе темір үзетін шағында әбден жалқауланып алған кейбір жастарға таң қаламын. Бүгінде еңбектенемін деген жанға табыс көзі көп емес пе?! Меніңше телефонға үңіліп, желінің таяғы өшсе, өмірден түңіліп кететін бозбаладан болашақта еңбексүйгіш жан шықпайтыны анық. Жастарымыз жастайынан еңбекке талпынса екен деймін, еліміз аман болсын!».

 

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале