Ақжайық жұртшылығына танымал ақын Сағынтай Бисенғалиевтің ел-жұрттың бел ортасында жүріп, айналасындағылардың, өлеңнен мән іздегендердің ойын тамыршыдай тап басатынының себебі – оның жырларының қарапайымдылығында. Өлеңдерінде кең даланың дархандығы, сары сағымның сағынышы, боз жусанның иісі, Жайықтың ерке мінезі бар. Өмірінің алпыс бесінші көктемін қарсылаған ақынға елінің құрметі қашанда шексіз екенін аудан орталығында азаматының құрметіне құрметіне ұйымдастырылған «Даламның таңы – тағдырым» кеші дәлел болды. Жырдың құдіреті ұлықталған шараға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетова, еңбек ардагерлері Меңзипа Жұматова, Роза Исатаева, мәдениет қайраткері, сазгер Ғұбайдолла Қибашев, бергісі Жаңақала, Теректі аудандарынан, әрісі Атырау облысынан қонақтар қатысты.
Қашанда қаймана жұртпен жүздесуге асығып тұратын оның әманда оқырманын орман ойға жетелеп, жырсүйер қауымның қиялын қияларға, алыстарға әкететін ерекше қабілеті бар. Орда бұзар отызында айтысқа шығып, жасындай жарқылдағанда,Сағынтайдың отты жырлары, суырыпсалмалылығы тамсандырмай қоймайды. Мысалы, тоқсаныншы жылдары өткен бір айтыста Тайпақ ауылындағы Мәдениет үйінің сахнасынан жырлаған Сағынтайдың олжалы болуы оның дарынын тағы бір айшықтады. Кеште ақынның поэзия әлеміне қадам басуына мұрындық болған осы бір сәт аудан көркемөнерпаздары сахналаған көріністен айғақталды. Өнердің ордасы – бас қаладағы аламанға жолдама ұтып алған жас ақынның бағына сене алмай, «Алатаудағы Алматыда ақын бітіп, алақандай Тайпақтағы маған қарап қалды ма сол айтыс», – деп таңырқауы да Сағынтайдың бала көңілін, қарапайымдылығын айғақтаса керек.
Айта кетейік, жырға құмар ақжайықтықтар тойға арнайы келген меймандармен бірге екі сағат жарым тапжылмай отырып Сағынтайдың сырлы әлеміне саяхат жасады. Сахна мінберіне кім шықса да,жүрегін жыр кернеген ақын шығармашылығындағы ерекше өрнек, бөлек ой, туған жерге іңкәрлікті сөзіне арқау етті.
Сахна мінберінен ардагер-журналист Тілес Жазықбай кеш иесі жайлы тебірене сөйлеп, өлеңдеріне шолу жасады.
– Сағынтайдың еркелігі де, тапқырлығы да өзіне жарасып тұратын. Әркез аузын ашса, көмекейі көрінген, бұқпасы жоқ, ұққаны көп ақын болып атағы шықты.
«Бір басымнан өткенменен талай мұң,
Жанымды ұқсаң, сырласуға жараймын.
Сапарласты шаңға көміп кетпей-ақ,
Бұл өмірде бір жүргенді қалаймын», – деп жырлауы аңғалдығы емес, жүрек айнасының тазалығын көрсететін. Міне, азаматтық. Ақынды астамшылдықтан сақтайтын, менмендіктен қорғайтын да осы мінез. Сағынтайдың өлеңнің біті-болмысына аялауы, көрінгенге қолжаулық етпеуі – табиғатына сіңген асыл қасиет. Оның өлеңнің бағасын жеке басының бақытынан жоғары қойғандығы ерекше құрметке лайық», – деді шешен.
Ақынның адамгершілігін, азаматтығын, өнерге деген адалдығын, ақкөңілдігін Ақжайық өңірінде кімнен сұрасаң да, айтары сөзсіз.Бұған кешке арнайы келген Жаңақала ауданының Құрметті азаматы, ақынның замандасы Зәкәрия Сисенғалиевтің «Ақынмын деп мақтанып, масаттанбасаң да, төбесіне көтеріп, құрметтейтін Ақжайығың бар сен бақыттысың. Жұртты аузына қарататын өнер иелері, сөз шеберлері– шайырлар бүгінде некен-саяқ. Ал сен біздің шайырымызсың» деген сөзі дәлел.
Кеш мінберіне көтерілген еңбек ардагерлері М.Жұматова, Р.Исатаева, Болат Дошаев та жүрекжарды лебіздерін арнады.
Көршілес Атырау облысының индерліктер: «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантурлин, ардагер-журналист Сүйеу Халықов, дәстүрлі әнші Әбдіхан Есенғалиевтердің ақынға деген сый-құрметі,қашанғыдай, ерекше болды. Теректіден ат терлетіп келген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиев аудан әкімі Тілек Ғабдушевтің ыстық ықыласын жеткізіп, алғыс хатын табыс етсе, осы ауданның қазынашылық басқармасының басшысы Ұлан Сайтмұқаев С.Бисенғалиевке өзі өрген қамшыны тарту етті.
Ақындық кез-келгенде дари бермейді. Әсіресе, ақындықты серік еткендердің жан-дүниесі өзіменен егіз жаратылған жан іздеп, аласұратыны рас. Сондықтан шығар, Сағынтай Орынғалиұлы аудандық кітапхана жанынан «Муза» шығармашыл оқырмандар отауын құрып, өлеңнің өзегін қадірлеген жасөспірім, балаң ақындарға дұрыс бағыт сілтеп, өнерге баулығаны. «Музадан» талаптанып, поэзия әлеміне қанат қағып, бүгінде өнердің мұзбалағына айналған ақындар Мейірман Шәкенов, Бекболат Қаленов, Әнуар Аманжоловтар өнердегі ұстазына кезек-кезек жыр арнап, қалың көрерменді сүйсінтті.
Зейнеткерлікке шықса да, ақын жас дарындарды жетілдіруде мақсатынан ажыраған жоқ. Ол «7 Муза» қоғамдық бірлестігін ашып, кейінгі ұрпақты сөз қадірін екшелеуге, өнер құдіретін бағалауға тәрбиелеуде. Кеште ақын өлеңінен үзінді оқыған мектеп оқушыларының қатарында оның немересі Самғат Әсетұлы да болды.
– Арнайды балаң саған жыр,
Атама болсам жарамды ұл.
Немерелер бағына ,
Әрдайым, ата, аман жүр, – деп атасына балалық тілегін арнаған немеренің тілегін залдағы көпшілік «Әумин» деп қабыл алды.
Өлеңнен өмір іздеп, көксегенін тапқан Сағынтай ақынның жыры ән болып шалқып, даланы тербейді. Құбайдолла Қибашев, Рахым Жанайысов сынды композиторлармен бірлесе жазған әндері бір төбе. Жыр кешінде облыстық халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Дәурен Ғилманов, Нәзира Қибашева, Аслан Бақтығалиев, ағайынды Әнуар, Венера Нұрғалиевтер кеш иесінің сөзіне жазылған «Әке-ана», «Бойтұмар», «Жұбан елі», «Ақжайық – әсем әнімсің» әндерін орындап, көпшіліктің көңілін серпілтті.
С.Бисенғалиевөзіне көрсетілген зор қошеметке, келген қонақтар мен көрермен қауымға үлкен алғысын білдірді. Осы салтанаттың өтуіне мүдделілік танытқанаудан әкімдігі, мәдени-демалыс орталығы мен аудандық кітапхана ұжымына алғыс айтты.
– Мен өнерімді мақтан етпеймін. Мен үшін, ең дұрысы, сөздің киесінен аттап кетпеу. Ақынның жүрегі қашан да елге алаңдаулы, жұртым мәңгі жүрегімде. Елдегі өнер ақсап қалмасын, осындай кештер арқылы ұрпақ сабақтастығы үзілмейді, соған шүкір, – деді ол.
Кеш соңында сахнаға аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов көтеріліп, ақынға ақжайықтықтардың атынан қошемет көрсетті.
– Сіздің өнегеге толы өмір жолыңыз талбесіктен басталатын тәрбие іспеттес. Ата-бабалардан алған тәрбиемен жас ақындарды қанаттандырып келген еңбегіңіз бәрімізге мол мұра. Өнердің өзі - тәрбие мектебі. Жырларыңызды оқи отырып, ұлағатты ұлдарымыз қылықты қыздарымыз өз бойларын түзеп, ойларын марқайтары анық. Бұл қос ақын тәрбиелеген өз жанұяңыздан да көрініп отыр, – деген ол ақынға шапан жауып, жұбайы Асылғаным анаға камзол кигізді.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан