Бүгінгі бүлдіршін қыз ертең бойжетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болары хақ. Ал «келінді аяғынан» деп санайтын қазекем әу бастан-ақ жаңа түскен келінге сын көзбен қарайды. Ал отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді. «Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда қазақ, яғни сол жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана ауыл-аймаққа қадірі артады. Хош, сонымен, Теректі ауылында, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатқан үлкен ене – келін – келіннің келінімен тілдестік. Нақтырақ айтанда, ене мен келін арасындағы сабақтастық хақында әңгіменің тиегін ағыттық.
Үйдің үлкен енесі Шандоз әже 1944 жылы Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылында дүние есігін ашқан. Өмірлік жары Сауырғалимен қол ұстасып, Табынғалиевтер әулетіне 1967 жылы келін болып түскен екен.
«Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан-ғасырға жетіп отырған. Ақылды да дана аналардың көрегендігі отбасындағы ынтымақтың бірден-бір себепшісі. Олай болса, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесінен байланысты екен. Өйткені ене – келіннің екінші анасы. Сондықтан келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Бүгін ол енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді. Міне, дәстүрлі тәрбие мектебі, осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қанат жайып кете береді», - дейді Шандоз Сапиева.
Ал Шандоз ененің қолына 1999 жылы келін болып келген Асылай Шалиева:
- Уақыт, шіркін, көзді ашып-жұмғанша зуылдайды екен. Мінекей, осы үйдің табалдырығын аттағаныма 25 жыл болды. Осынау жыл ішінде енемнен үйренгенім мол. Ол кісіден еш жамандық көрмедім. Тұрмысқа шығарда ата-анамның «Барған жеріңе сыйлы, ибалы келін бол, бізді ұятқа қалдырма» деген сөздерін санамызға әбден сіңіріп алған біздер жақсы келін болуға тырыстық. Келін болып келгенім кеше ғана сияқты еді. Енді, міне өзімнің де ене атанғаныма 6 жыл толды. Енемнің үйреткенін келіндеріме де үйретіп, бағыт-бағдар беріп жүрмін. Бүгінгі таңда Сайда және Әсемгүл деген қос келінім бар. Екеуінің де адамгершілігі мол. Әркез тума-туысты сыйлап жүреді. «Адам ұрпағымен көрікті» дегендей, немере сүйіп отырмын. Өз енем шөбересін көрді, - деп тәжірибесімен ой бөлісті.
Жалпы, қай ене болса да, өз келініне ыстық ықыласпен мейірімін төгіп, кем-кетіктерін түзетіп, жол көрсетуге міндетті. Ал енесі үйретіп, тіпті қатты айтып жатқанда да, оның сөзін бөлмей үйренуге ұмтылу – жас келіннің міндеті. Жас келінді көп нәрсеге үйретуге болады. Мәселен, дәмді тамақ жасау, қонақ күту, ұқыптылық, тазалық т.с.с. Алайда имандылық, әдептілік, инабаттылық, ізгілік сияқты асыл қасиеттер қыз балаға туған анасы арқылы сіңеді. Келін болу – біреуге жар ғана емес, бүкіл бір отбасына, туған-туысқандарына тірек, қамқоршы болу деген ұғым. Бұл сөзімізбен Асылай апайдың жас келіндері толықтай келісті.
- Екінші отбасым – өте жақсы, алтын адамдар. Мені жатсынбай, өз қыздарындай қабылдады. Осы уақытқа дейін екі енеммен де ренжісіп, я болмаса сөзге келіп көрген емеспіз. Әулеттегі үлкендерді әркез мақтан тұтамын. Әр жас келін, ата-ененің қолынан бөлек шығар болса, тек ененің тәрбиесін көріп барып, шыққаны дұрыс. Кем дегенде ене қолында 3-4 жыл тәлім алу қажет деп есептеймін. Кеше келін болып түсіп, сол әулеттің, сол елдің сырын, жайын білмей жатып қалай бөлек шығасың? Осы отбасыға сіңіп, жанұяның, елдің заңына бағыну керек, - дейді Саида Нығматуллина.
Тоқ етері, дана ене мен дара келін бір-бірімен өзара сыйласып жүрсе, шаңырақты шайқалтпайтынын ұғындық. Ләйім, солай болғай!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz