30.07.2025, 20:00
Оқылды: 137

Дана Қадыр мен «қола» Қадыр кездескенде…

Биыл Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, жерлесіміз Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толады.

WhatsApp Image 2025-07-30 at 18.31.47

Осыған орай біртуар тұлға жөнінде ой бөлісу мақсатында ақынды көре қалған Сырым ауданының құрметті азаматы «Шапағат» медалінің иегері, ардагер ұстаз  Гүлбақша  Ерғалиевамен әңгімелескен едік.

Гүлбақша Қалиахметқызы - ұстаздық жолында, жалпы қоғамдық қызметте бір адамдай маңдай терін төккен, шәкірттер тәрбиелеуде өзіндік ұстанымы бөлек қызметкер.

Ал, оның жерлес ақын Қадыр аға жөнінде айтарлық пікірі, ойы болса бөлек әңгіме. Әрине ақын атындағы мектепті ұзақ жыл басқарған жанның Қадекеңмен талай мәрте жолыққаны, ақынның халықпен кездесу кештерін ұйымдастырғаны - бәрі - бәрі естелік. Оның көзінен де, көңілінің сарайынан да көп нәрсе аңғарылады.

Гүлбақша Қалиахметқызының айтуынша, аудандағы ірі білім ошағы саналатын Қ. Мырзалиев атындағы орта мектепке басшылық еткен кезеңдер, нақтылай түссек, 2003 -2011 жылдар - Тәуелсіздіктік таңсәрі тұсы, Жымпиты өңірінде де руханият қазанының астында от жана бастаған кезеңдер еді.

Қадырдай ақынның қалың қазаққа танылуы, оның өмірді сөйлеткен өлеңдері - сол үдерістерде үлкен рөл атқарды. Сол жылдары «Жымпитыдағы мектепті Қадырдың атына беру керек!»- деген тың бірақ тарихи әңгіме басталды ел ішінде. Бұл ұсынысты шынайы жүрегімен қолдаған жанның бірі - Гүлбақша Қалиахметқызы. «Талантты қадірлеңдер тірісінде!» - деген сөзді Қадекең Гүлбақшаның өзіне айтқандай. Расында да, тірі ақынға мектеп атын беру қалай жүзеге асты?!

Гүлбақша ханымның әңгімелеуіне қарасақ, ақын аты мектеп маңдайына жарқыратып ілінгенімен, нақты құжаты болмаған.  Құжат дайындатып, арнайы мөр жасатып, Жымпиты мектебінің заңды түрде Қадыр Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп атауын иеленуі Гүлбақша Ерғалиеваның жоғары басшылықтың есігін ашып, табалдырығын тоздыруымен іске асты. Бұл 2004 жылдар еді.

- Қадыр ағаны өзім ең алғаш рет 2002 жылы Алматыда апа - жездем Самиғолла мен  Гүлсараның шаңырағында көріп, жүздескенім бар, - деп еске алады ол өткен шақ туралы. Жездем ол кездері “Алтын дән” корпорациясында жауапты қызметкер, апам болса профессор, ғылым адам еді. Қадырмен олар әуелден таныс, жолдас, дос ретінде араласып, сыйласатын-тұғын. Осы дастархан үстінде Қадыр аға елден келген қарындасы ретінде маған кітабын сыйлап, қолтаңбасын жазып бергені бар - дейді ол.

Әрине, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиевамен әңгіме шерту барысында көп жәйттерге қанықтық. Мәселен, Қадыр аға көзі тірісінде өзінің атын иеленген мектебіне екі рет аяқтай келіп, ұстаз, шәкірттермен кездесті. Өзінің қола мүсінін көргендегі тебіренісі қалай естен кетсін?!

Бірінші кездесу, бірінші дегеннен гөрі Қадыр Мырза Әлидің өз атындағы мектепке бірінші рет келуі деген дұрыс, 2005 жылы болған.

Орта мектептің мәжіліс залында «Туған елге  жетпісте де баламын» атты өткізілген кездесу шарасы еді. Қадыр ақын осы шарада толқып, ұзақ ой-толғамдарын ортаға салғаны бар.

Ал, мектептің ішіндегі өзінің жасалған кеуде тұғырына қарап:

- Міне, мынау менен аумайды! - деп балаша қуанды. Кейін парасат биігінде тұрып, «қола Қадырды» сипап жанарына жас алған сәті де туған жерге сағыныш, бәлкім қимастық сезім бе екен? Сол жылдар - атамекендегі соңғы сапарлар еді. Оны дәл сол уақта ешкім де сезбеді. Қадыр аға бойы шағындау болса да ойы терең, әңгімесі өміріңе мәңгілікке азық беретін ірі тұлға болғаны анық.

Ол өзге адам жөнінде   жала сөз айтпайтын, жамандамайтын  мөлдір адам, сөйте тұра кемшілігің туралы тіке  айтып салатын өткірлігі де  бар еді,  - деп толғанған Гүлбақша Қалиахметқызы сөзін былай жалғайды:

Ақынның 2010 жылы аудан орталығында өткізілген «Қаңтарда туған Алъбатрос» атты   мерейтойлық шарасы да көптің жүрегінде жазылып қалды.

WhatsApp Image 2025-07-30 at 18.30.16

Айтқандайын бүгінде республика көлемінде өткізіліп, айнала жұртқа танымал болған  «Қадыр оқулары» байқауының алғашқы бастауы, тұсауының кесілуі де осы Жымпиты өңірінде болғандығын айта кеткен жөн.

Яғни, ауданда «Қадыр оқуларын» өткізу туралы ең алғаш бастама көтерген сол кездегі В Шубин атындағы орта мектептің директоры Ақкенже Ақонғожиева болса, бастаманы қолдап, қолдау көрсеткен сол жылдағы білім беру бөлімінің басшысы Рахымжан Хамза еді.

- Қадыр ағамен дастарқандас болып, отырудың өзі  ой-өрісіңді кеңейтіп, өмірге деген құштарлығыңды арттырады, - дейді Гүлбақша Қалиақметқызы

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар

Көрдің бе аспанда да алалық бар,

Біреу де қарт болса да шалалық бар,

Біреу де жас болса да даналық бар» - дегендей дана Қадыр ақынның өзі болмаса да, соңында қалған сөзі сөйлей береді!

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале