Өткен жылдың қазанында үйден шыққан өрт кезінде жіті қимылдап, үш бірдей бауырын құтқарып қалған Дана Өтебаева алдағы уақытта «Оқжетпес» шипажайына барып демалмақ.
Дана бұл мүмкіндікке «Мейірімділік керуені - 2020» ІІІ республикалық байқауының нәтижесінде ие болды. Байқау Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қоры, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен үшінші мәрте жүзеге асып отыр.
Байқау лауреаттары «Асар», «Туған жер», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» және «Батыл жүрек» номинациялары бойынша анықталады. Номинация талаптары әрқалай. «Асар» номинациясы ұлттық мәдениетті сақтауға көмектесетіндерді дәріптесе, «Туған жер» аталымы білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көмек көрсететін адамдарды, «Мейірім жолында» аталымы өтеусіз тұрақты көмек көрсеткендерді, «Қайырымдылық тарихы» аталымы БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын көтерген, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдарды үшін журналист немесе шығармашылық ұжымды анықтаса, «Батыл жүрек» бейбіт өмірде ерлік пен қайсарлықтың биік үлгісін көрсеткен тұлғаларды дәріптеді. Біздің Дана қызымыз нақ осы номинация бойынша І орынды иеленді.
Естеріңізге сала кетсек, Дана Өтебаеваға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталған еді. Он алты жасар қайсар қыздың бұл ерлігі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның да назарынан тыс қалмады. Ол да арнайы хаты мен сыйлығын да жолдаған еді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz