23.11.2021, 9:21
Оқылды: 54

Дарақылық қашан тыйылады?

Кеңес дәуіріндегі адамдардың ішкі мәдениеті өте жоғары болатын. Олар  отбасында, қоғамдық орында өте мәдениетті, талғампаз, өмірге өзіндік түсінік-пайымы мен көзқарасы бар жан болып көрінуге талпынатын. Ал қазіргілер өзін қандай жолмен болса да (дөрекілікпен болсын) көрсетіп қалуға тырысады. Өзара  сыйластық, құрмет сезімдері күннен-күнге жойылып бара жатқандай. Біреудің жақсы ісін көріп көтермелеудің орнына, сол адамнан қандай кемшілік тауып мұқатам деп алас ұрып жүрген жандар көбеюде. Соңғы 30 жылда қай үйде болмасын радио-теледидарды бақыртып қою салтымызға еніп болды.

1563007267_ysyrap

Тойларда әншінің дауысын даңғырлақ аспап басып, жан дүниеңді астан-кестен етеді. Тойлар мен концерттерге дем алып, рухани азық алуға барсақ, сайқымазақ жүргізушінің мәнсіз, мағынасыз айқай-шуынан басың айналады. «Қайдан ғана бардым» деп безіп құтыласың. Бұның бәрі мәдениеті бізге мүлде жат Америка мен Европаға еліктеп, шалықтағаннан болып жатырған дүние. Ұлтымыздың табиғатына мүлде жат батыстың еркек пен еркек, әйел мен әйелдің қосылуын заңдастырамыз деп біраз даурығып әуреге түскеніміз ұлттық намысымыздың қаншалықты тапталғанын көрсетпей ме? Қазіргі талантсыз асабалар өзінің түкке тұрғысыз әңгімесін тыңдату үшін адам құлап түсетіндей бақырып сөйлейді. Тіпті «Неге тыңдамайсындар?» деп ұрсатынын қайтерсің пәтшағарлардың. Одақ кезінде 70-80 тойшы жиналған кеңшар асханасы мен клубтар немесе палаткаларда көбіне микрафонсыз, баян, домбырамен той басқарушылар тәрбиелік мәні зор әзіл-әңгімелерімен, аталы сөздерімен барша тойшыны баурап алып, тамаша өткізетін. Сол кездегі Жолай, Қайыр, Мұқас, Қазбек секілді асабалар басқарған тойларды аңсайсың. Олар басқарған тойларда барша қатысушылар, өз өнерлерін ортаға салып, кейбір таланттар да танылып қалушы еді-ау. Үнемі қатты дыбыстан, үйдегі теледидардан, той-домалақтар мен мәнсіз, мағынасыз концерт сымақтардан болсын адамның жүрегі мен жүйкесіне салмақ түсетіндігінен осындай аурулар күні бүгін көбейіп тұр. Санаулы сатириктердің көзі тірісінің бірі – Ғаббас Қабышұлының бір мақаласынан оқыдым. Бір ғалым тәжірибе үшін жүк машинасын шөптесін далада жүйткітіп келе жатып, қалт тоқтата қойғанда, жақын маңдағы шөптердің, гүлдердің машина тежегішінің қатты шиқылынан бұйыға, бүрісе қалғанын жазыпты. Екінші ғалым арнаулы сынау цехында ұшақ моторын іске қосып, қасына бос қаңылтыр шелекті қойып кеткен, 2 сағаттан соң барып қараса шелек үгітіліп қалыпты. Біз ой-санасы бар адам болғандықтан, дыбыстан қорғанудың әдістерін білгендіктен, итжандылықпен төзіп келеміз. Қатты шулы дыбыстан қорғануды ескермей, газ жүйесі мекемесіне жұмыс жасайтын танысбейтаныстар жасына жетпей, түгел саңырау, зейнетке сырқат болып шығуда, не ерте өмірден өтуде. Мен кешкі қонақтық пен тойға шамам келгенше бармаймын, барсам, құлағымды мақтамен тығындап барам. Сонда да ұзақ отыруға шыдамай, кетіп қаламын.

Көпшілікке айтарым, мынау карантиннің шектеулерінен сабақ алып, уақытымызды бағалауды үйренейік. 200-300 кісіден тойға қонақ шақыратын дарақылық пен ысырапшылықтан тыйылып, өз саулығымызды өзіміз қорғауды ойлайық.

Айтуған Ғайнеденұлы,

Жаңақала ауданы

Суреттің дереккөзі: osken-onir.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале