Шалыс оқыған жоқсыз, оқырман. Аты жаман дерт әлемді әбігерге салып, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүрген кезде біз дәрігер таппай далмыз. Әрине, балтыры сыздап, буыны ауырған жан бірден ақ халатты абзал жандарға келеді. Бүгінгі жағдайға көз салсақ, біздің үмітіміз де, сенеріміз де медицина саласының қызметкерлері. Ақ халаттылардың қадірін жете түсініп, олардың емі мен кеңесіне зәру болып қалдық. Дегенмен, елімізде дәрігерлердің тапшылығы анық сезілуде. Ал Теректі ауданында жағдай қалай?! Бүгін осы жайтты сөз етпекпіз.
Қазақстанның медицина саласына мамандар жетіспей отыр дедік жоғарыда. Ал жыл сайын маман атанып жатқан жас дәрігерлер тапшылықтың орнын неге толтырмай отыр? Орынды сауал. Қазіргі кезде Қазақстанда 250 мыңнан астам дәрігер бар екен. Жуырда Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының өкілдері дәрігерлер жетіспеуіне байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Олардың сөзіне сенсек, еліміздің медицина саласына әлі де 12,7 мың қызметкер (4 222 дәрігер мен 8 583 орташа дәрежедегі маман) қажет. Ол мамандардың 58 пайызы қалаларға, 42 пайызы ауылдарға сұранып тұр. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, лаборант, акушер-гинеколог, инфекционист тапшы.
Дәрігер тапшылығы мәселесінде Қостанай облысы көш басында тұр – 624 маманға зәру. Сол секілді Батыс Қазақстан облысына – 389, Атырау облысына 185 кадр жетіспейді. Бұл тек дәрігерлерге байланысты қажеттілік, ал орташа дәрежедегі мамандарды қосар болсаңыз, бұл сан бірнеше есе көбейеді. Яғни БҚО үздік үштіктің қатарында. Мақтанатын жағдай емес.
Бір қызық жайт, жас мамандар жыл сайын даярлап, оқытып, тоқытып жатырғанымызбен, дәрігерлердің тапшылығы әлі де өзекті боп тұр. Бұл жыл сайын республикалық деңгейде көтерілетін мәселе. Осыдан 6 жыл бұрын, 2015 жылы елімізде 4 мыңға жуық дәрігер тапшы болған. 2018 жылы 3 116 маманға қажеттілік туған. Биылғы меже белгілі, өзгеріс жоқ, «баяғы жартас сол жартас». Ал медицина саласы бойынша білім беретін оқу орындарының түлектері қайда кетіп жатыр сонда? Мәселен, Астана медициналық университетінің баспасөз қызметі оқу орны жыл сайын 1 000 маманды даярлап, еңбек нарығына қосатынын айтады. Сөздеріне сенсек, түлектердің 97 пайызы жұмысқа тұрған. Ал, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін 2020 жылы 1 271 адам тәмамдаған. 815-і (64,1 пайызы) университет нұсқауымен жұмысқа орналасса, 452-сі өз бетінше қызмет тауыпты. Бұл - республикалық «Айқын» ақпараттық порталында жарияланған нақты деректер.
Одан бөлек, республикадағы 26 мемлекеттік, 37 жеке колледжді қосыңыз. Орта есеппен жылына 12 мың медицина қызметкерін түлетеді. Ендігі еңбек нарығында дәрігер жетіспеушілігі болмаса керек-ті.
Бір сауалдан бір сауал туады. Мүмкін жас мамандарға Үкімет жөнді жағдай туғызбай отырған шығар?
Осы тұрғыда ғаламтордан медицина сарапшысы Қайырғали Көнеевтің пікірі көзімізге оттай басылды.
- Біз жастарды ұстап тұра алмаймыз. Өзім дәрігер болған соң білемін, менімен қатар адамдар, жас мамандар басқа салаға ауысады немесе шетелге кетеді. Жастар тіл меңгерген, жол ашық. Тіл білмесеңіз, жай ғана орыс тілін білсеңіз болды, Польша мен Германия, Латвияда айына 1 500-2 000 еуро төлейтін дәрігерлік қызмет орындары толып тұр. Ал бізде жаңа бастаған маманды ауылдық жерге жібереміз. Бар болғаны бастапқыда айлығы 73 мың теңге болады. Содан кейін кадр жетіспейді деп неге айтамыз? Мен сенімді түрде айта аламын, осы салаға қатысты басшылықта отырған азаматтардың біразы нағыз «майданда» жүрген дәрігерлерге жетпейді, білімі аз. Сөйте тұра жоғары жалақы алады. Оның үстіне, қоғамның дәрігерлерге деген сыйластығы жоғалған. Бұл да саладан мамандардың кетуіне әсер етеді, – дейді ол.
Жалақы демекші, 2017 жылы дәрігерлердің орташа айлығы 98 мың теңге болса, қазіргі таңда 253 мың шамасында екен. 2025 жылы медицина қызметкерлерінің орташа айлығы 550 мыңға жететіні жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ жоғарыдағы басшының айлығы өсе ме, әлде дерттің ортасында жүрген нағыз маманның айлығы өсе ме, күмәнді дүние. Әйтеуір, өсті деген аты бар.
Елдегі ахуадл мен дәрігерлерді ынталандыру мәселесін қаузап болсақ, енді Теректідегі жағдайға көшсек. Ауданда Теректі аудандық ауруханасы мен Теректі аудандық орталық ауруханасы бар. Бірі Ақжайық ауылында болса, бірі Федоров ауылында орналасқан. Бүгін Теректі орталық ауруханасындағы маман жетіспеушілігін қозғап көрсек. Себебі, көп жиындарда халық орталықтағы дәрігерлердің тапшылығын сөз етіп жатады.
Қазір аудандық орталық ауруханада барлығы 32 дәрігер қызмет етіп жатыр. Дегенмен, акушер-гинеколог және офтольмолог секілді мамандар тапшы.
- Жас мамандарды ауылға тарту және ынталандыру бағытында әліміз келгенше жұмыстанып жатырмыз. Мысалы, 2019 жылы ауруханамызға 5 жас маман жұмысқа келсе, 2020 жылы екі жас маманды қатарымызға қостық. Олар Үкімет тарапынан тұрғын үй және 1 миллион теңге көтерме жәрдемақы алды. Яғни ауданымызға үйренісіп кету бағытында жағдайлары оңалды деуге болады. 2021 жылы орталық ауруханамыз тағы 7 жас маманмен толығады деп күтілуде. Алматы, Ақтөбе қалаларындағы медициналық университеттердің түлектерімен келісім жасап қойдық. Маман тапшылығы, әрине, болғанымен, біз алдымызға келген науқастарды кері қайтарып жібермейміз. Қолдан келгенше жәрдем беріп, облыс орталығында еш кедергісіз ем қабылдауға мүмкіндік жасаймыз. Ауданымыз Орал қаласына жақын орналасқасын біздің жағдайымыз өзге аудандарға қарағанда тәуір десек болады, - дейді Теректі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зейл Мағзомов(суретте).
Жас мамандардың аудан орталығына қарай қадам басуы қуантарлық жайт. Жыл сайын 4-5 маман орталық ауруханадан жұмыс тапса, дәрігер тапшылығы деген сөзді ұмытармыз бәлкім. Бас дәрігер айтқан жас дәрігердің бірі - хирург Еркін Бурабаев(суретте). Ол ауылға жұмысқа келгендігіне еш өкінбейді.
- Федоров ауылына келген күннен бастап мен жан-жақты қолдауды сезіндім. Ұжым тарапынан да, Үкімет тарапынан да. Үйлі болдым, қаржылай демеуге қол жеткізіп күйлі болдым. Жас маманға бұдан артық не керек? Қазір ауылға үйренісіп кеттім. Халықпен етене араласып, оқығанымды іс жүзінде жүзеге асыруға тырысып жүрмін, -дейді жас маман.
Ия, бас дәрігер мен жас маман оптимисттік көзқараста болғанымен, халық медицина қызметкерлерінің тапшылығы ауданда анық байқалады дейді. Мысалы, Айнамкөз есімді аудан орталығының тұрғыны(өзіне ғана белгілі себептермен тегін айтуды жөн санамады) былай дейді:
- Ауданға жас мамандар келгені жақсы, әрине. Бірақ оларда тәжірибе жетіспейді. Аудан орталығының тұрғындары білікті мамандарға зәру. Орталық ауруханада көбі зейнет жасына шыққандар немесе зейнетке шығуға бір-екі жыл қалған дәрігерлер. Олар да адам ғой, бір күні жұмысты тастаймын, демалам десе халықтың жағдайы не болмақ? Әр ауырған сайын Оралға шаба беретін хәліміз жоқ. Ал жас мамандардың білетіні теория жүзінде шығар, практика жетіспейтінін ашық айта аламын. Қазіргі таңда дәрігерлердің тапшы болуы үрей туғызады.
Халық айтса айтқандай, аудандық орталық ауруханада қазір зейнет жасында бақандай 3 дәрігер жұмыс жасауда. Бұл бас дәрігер Зейл Жөкенұлының берген мәліметі. Яғни, зейнеттегі дәрігерлердің орнын басар маманның жоқтығы ол да ауданда ақ халаттылардың тапшылығын анық көрсетеді емес пе?
Маманның жетіспеушілігі салдарынан қалған кадрлардың жүктемесінің күрт артуы ықтимал нәрсе. Халық саны көп, маман аз. Жүктеме көбейген жерде сапалы медициналық көмек көрсетілуі де мүмкін еместігі белгілі. Демек, алдағы уақытта медицина саласындағы күрделенген мәселелердің күрмеуін шешкіміз келсе, заман талабына сай келетін жаңа типтік емханалар салумен қатар, оларды кәсіби мамандармен толықтыруды да ойлау қажет секілді. Медицина саласын заманға сай бейімдеп, қоғам сұранысын қанағаттандырып отырғанда ғана нағыз салауатты халыққа айналарымыз хақ.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz