Сырым аудандық ауруханасының ақ халатты абзал жандары аудан халқының денсаулығын қорғауда өз міндеттерін адалдықпен атқаруда.
Бүгінде аудан бойынша он дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Олар бүгінгі заман талғамына сай жаңа құрал-жабдықтармен, байланыс, электр жарығы, көліктермен қамтамасыз етілген.
Аудан бойынша қазіргі таңда 189 орта буын медицина қызметкері халықтың денсаулығын қырағы қорғауда.
Аудандық аурухана әкімшілігі Орал жоғары медициналық колледжінің ұжымымен, Астана қаласындағы жоғары білім жетілдіру қоғамдық денсаулық сақтау мектебі әкімшілігімен тығыз байланыс ұстануда.
Сөйтіп, осындағы білікті мамандардың тартылуымен түрлі семинар-кеңестер, мамандардың біліктілігін көтеру курстары тұрақты түрде өткізіліп, өзіндік жемісін де беріп отыр.
Міне, осындай басшылықпен тығыз байланысты орнатудың нәтижесінде аудан бойынша 150-ге жуық мамандар өздерінің білімдерін толықтай жетілдіру курсынан өтті.
Ауданда медбикелердің кәсіби мерекесін салтанатты түрде атап өту, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету, мерекелік шаралар ұйымдастыру, марапаттау игі дәстүрге айналды.
Аудандағы медбикелер қауымы елді жайлаған қатерлі індетпен күресудің бел ортасынан табыла білсе, түрлі қоғамдық жұмыстарға қатысуда да алғы шептен көрінуде.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні өтетін бүкілхалықтық референдумды ақ халатты абзал жандар қызу қолдайды.
Мереке құтты болсын, әріптестер!
Күләш Айташева,
Сырым аудандық ауруханасының бас медбикесі