13.10.2024, 17:26
Оқылды: 163

Дариян ауылында журналист Тілеген Абдрахмановтың 65 жас мерейтойы өтті

Дариян ауылында журналист, өлкетанушы, ұстаз Тілеген Абрахмановтың 65 жылдық мерейтойына орай кеш өтті. Дариян ауылдық округінің кітапханалары ұйымдастырған іс-шараға мерейгердің әріптестері, достары, шәкірттері, оқырмандары және атқарушы құрылым өкілдері келді.

IMG-20241013-WA0018

Кеш шымылдығын ашқан БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы» Вера Шохина мерейгердің шығармашылық еңбегін, әсіресе осы өңірдің тарихын зерттеудегі ісін жоғары бағалады. «Приурал аумағының тарихына, кезінде мұнда тұрған, еңбек еткен адамдар жөнінде мәлімет керек болса бірден Тілеген Әбілхайырұлымен хабарласамын,-деді Вера Кузминична. - Себебі ол өзінің журналистік, ұстаздық қызметінде, зейнетке шыққаннан соң да осы жақтың тарихын тануға ден қойды. Сөйтіп мол мәлімет жинады. Біздің даңқты жерлестеріміз туралы көп жазды. Сол үшін де ел-жұрттың атынан оған алғыс айтқым келеді».

IMG-20241013-WA0022

Кезінде жарық көрген Приурал аудандық «Сельский тружник» газетінде көп жыл бас редактор болған Генадий Андрюшенко әріптес болған уақыттарды еске алып, Тілеген Әбілхайырұлының елге сыйлы азамат, белгілі өлкетанушы болып қалыптасуына газеттің, редакция ұжымының еңбегі зор екенін атап өтті.

Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Сәкен Әбілхалықов мерейтой иесін «Жайық Пресс» медиахолдингінің, газет редакциясының атынан құттықтап, деніне саулық, шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлық табыстады. Кезінде редакцияда әріптес болған құрдасы туралы «Ауыл тынысы» газетінің Дарияндағы тілшісі Ольга Чеканова оның еңбекқорлығына, ізденімпаздығына тоқталды. Оның сөзінше, мерейгердің туындыларының ішінде майдан даласындағы батырлар, репрессияға ұшырағандар, тың игерушілер, өз заманының маңдайалды жандары туралы мақала-материалдардың қарасы қалың.

Приураль аудандық «Сельский тружник» газетінің редакциясы жұмысын тоқтатқан соң Тілеген Абрахманов білім саласында қызметін жалғастырды. Тарих пәнінен сабақ берді. Осы бағытта үйірмелер ашты. Соған орай мектептегі әріптесі Галина Мельникова, Дариян мектебінің директоры Оксана Шохина, шәкірттерінің атынан кітапханашы Динара Ғизатова мектеп қабырғасындағы сәттерді еске алды.

IMG-20241013-WA0019

Дариян ауылдық әкімі аппаратының бас маманы Гүлжайна Ермекқалиева, М.Шолохов атындағы мемориалдық музейі меңгерушісінің міндетін атқарушы Мәдина Мусаева да ізгі тілектерін жолдап, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.

Іс-шара барысында мерейгердің өмірбаяны, шәкірттерінің құттықтауларын бар бейнеролик те ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, кештің сәнін келтірді.

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале