7.06.2025, 12:30
Оқылды: 178

Дариянда Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу аясында кездесу өтті

Жуырда Дариян ауылында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу аясында маңызды кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты — жас әрі білікті мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту және олардың кәсіби әлеуетін арттыру болды.

IMG-20250607-WA0003

Кездесуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов және Бәйтерек ауданының белсенді жастары қатысты.
Жиын барысында қатысушылар резервке іріктеу талаптары, өтінім беру тәртібі, бағалау кезеңдері және үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерімен танысты. Президенттік жастар кадр резерві — дарынды, бастамашыл, кәсіби білікті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды жоба екеніне баса назар аударылды.
Мұрат Сейлбекұлының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Бұл бастама алғаш рет 2019 жылы қолға алынған. Содан бері өткен үш іріктеуге жалпы 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытып, нәтижесінде 400 адам резервке қабылданды. Олардың 318-і бүгінде түрлі жауапты қызметтерде еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр салалық бағыт бойынша кандидаттардың тең санын қамтамасыз ету. Бұл ретте әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу жүргізіліп, квоталар белгіленген.

IMG-20250607-WA0005
Үміткерлерге қойылатын талаптар жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар азаматтар. Сонымен қатар, қазақ тілін меңгеру деңгейін растайтын құжат ұсынуы тиіс. Құжаттар 1–30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz сайтында онлайн қабылданады.
-Президенттік жастар кадр резерві — еліміздің басқарушы элитасын жаңарту мен жас буынға сенім білдірудің жарқын көрінісі. Біз қоғамға адал қызмет ететін, жаңашыл ойлайтын, ел болашағына бей-жай қарамайтын жас мамандарды қолдауға дайынбыз, — деді Мұрат Сейлбекұлы.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Әрі қарай Мұрат Байсалов жеке қабылдау жүргізді.

Дина Ахметова
Дариян ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале