«Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында Дариянда заманауи модельді балалар кітапханасы ашылды. Ашылу салтанатына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Чинкисбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарушы директоры София Айсагалиева, Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев, аудан әкімі Марат Тоқжанов және облыстық, қалалық, аудандық ОКЖ директорлары, кітапханашылар, оқырмандар, ардагерлер, еріктілер және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсім кітапхана фоэсінде еліміздің Әнұранын көпшіліктің жанды дауыста орындауымен бастау алды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиылған жұртшылықты ұлық мереке Тәуелсіздік күнімен құттықтап, білім мен мәдениет ошағы кітапхананың заманауи үлгіге көшуінің маңызына тоқталды.

- Сіздерді 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында еліміз талай жетістікке қол жеткізіп, түрлі салаларда дамудың биік белестерін бағындырды. Бүгінгі ашылып отырған заман талабына сай жабдықталған кітапхана – осы жетістіктердің айқын бір дәлелі. Бұл мәдениет пен білімді дамыту жолындағы маңызды қадам. Өздеріңіз білесіздер, кітапханалар – ұлттық рухани мұраны сақтап, халыққа насихаттайтын маңызды мәдени орталықтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз оқу сауаттылығы деңгейін арттыруға ерекше назар аударуымыз керек. Бұл бағытта жаңғырту мен цифрландыруды қажет ететін кітапханалар маңызды рөл атқарады» деп атап өткендей, бүгінгі кітапханалар тек кітап қоры ғана емес, білім, шығармашылық және қарым-қатынас орталықтары ретінде қызмет етуі тиіс.

Бүгінгі ашылып отырған кітапхана – осы бағыттағы үлкен бастамалардың бірі. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба аясында Батыс Қазақстан облысының 12 ауданында 25 кітапхана жаңғыртылады. Тәуелсіздік күнінен бастап Наурыз мерекесіне дейін облыс әкімдігі мен «Тана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асатын бұл бастама кітапханаларды заманауи үлгідегі коворкинг және комьюнити орталықтарына айналдыруды көздейді. Мұндай орталықтар тек кітап оқумен шектелмей, қала мен ауыл тұрғындарына, әртүрлі жастағы оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп, бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Жаңғыртылған кітапханалар – білім мен мәдениетке апаратын көпір. Баршаңызды осы игі бастаманың жүзеге асуымен құттықтай отырып, жаңа кітапхананың барша оқырмандарға шабыт пен білімнің сарқылмас көзіне айналуына тілектеспін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!,-деді Нариман Төреғалиұлы.

Заманауи нысанның лентасын қию рәсімі облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен салалық мәдениет, спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының облыстық филиалының төрағасыАйдар Батырханов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Чинкисбаева мен «Тана» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Лұқпановаға ұсынылды.
Заманауи жаңарған кітапханада балалардың сабаққа, тренингтерге, немесе шеберлік сағаттарына дайындалуына бар жағдай жасалған. Цифрлық білім беру платформалары, онлайн кітапхана және оқыту бағдарламалары, көркем әдебиет, энциклопедиялар мен оқыту құралдарының электронды нұсқалары қолжетімді. Жайлы жиһазбен жабдықталған, кітап оқуға және тынығуға арналған арнайы аймақтар бар.
- Бұл жоба 2017 жылы басталған еді. Сіздер біздің жұмыстарымыз туралы естіген боларсыздар. Алматыдағы барлық кітапханаларды жаңғырту жобасын біздің команда жүзеге асырды. Сол жоба көпшіліктің көңілінен шыққанына біз өте қуаныштымыз. Бұл жобаның маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтіп, Атырау қаласындағы құрылтайда Алматыдағы жаңғыртуды үлгі ретінде көрсеткені біз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының назарын аудартқанымыз біз үшін керемет қолдау болды. Осылайша, жобаны еліміздің басқа аймақтарына да жүзеге асыру туралы шешімге келдік. Алғашқы аймақ ретінде туған жерім Батыс Қазақстан облысы таңдалғаны да – ерекше бір марқайтып тастады. Осы орайда, облыс әкімдігі мен оның орынбасарларына үлкен алғысымды білдіремін. Олар жобаны жүзеге асыруда бізге зор қолдау көрсетті. Жаңғырту барысында кітапханалардың барлығы стандартты типтік үлгіде болады, бірақ әрқайсысы өз ерекшелігімен көзге түседі. Әр кітапхана өз аймағына тән оқырман қажеттілігін ескере отырып жасақталады. Осылайша, біз кітапханаларды жай ғана кітап сақтау орны емес, заманауи білім мен мәдениет орталығына айналдыруды көздейміз,-деді «Тана» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Асқарқызы.

Әрі қарай қонақтар бірінші залдағы үйірме жұмыстары, «Балдырған» балалар клубы, «Сырғалым» қыз-келіншектер клубы, «Жас эколог» үйірмесі,«Шапағат» еріктілер клубы, «Жас шахматшы» клубы, «Шаңырақ» өлкетану үйірмелері, басқа залдардағы коворкинг, «Балалар әлемі», «Саз әлемі» бұрыштарымен танысты.
Салтанатты іс-шара барысында еліміздің кітапханаларын модернизациялау жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының ауыл кітапханаларын жаңарту жұмыстарына қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, «Тана» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Лукпановаға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хаты табысталды.
- Мен Дариян ауылында туып-өстім. Осы мәдениет үйі салынып жатқан кезде, мен 9-сынып оқушысы едім. Бүгінгі күні бұл ғимараттың өз маңыздылығын сақтап, жылдар бойы әртүрлі жөндеу жұмыстарынан өтіп, жаңа келбетке ие болғанын көру – қуаныш. Осы игі істерге ұйытқы болған Нариман Төреғалиұлы мен Марат Лұқпанұлына шын жүректен алғысымды білдіремін. Модернизация жұмыстары ауылымыздың мәдени өміріне жаңа серпін бермек. Бұл – керемет бастама!Аудан әйелдері атынан алғыс білдіремін. Біздің ауыл талантты адамдарға бай: спортшылар, бишілер, өнерлі жастар мен белсенді азаматтар көп. Олардың барлығы өз әлеуетін жүзеге асырып, жаңа бастамаларды қолдауға әркез дайын,- деді «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы», ауыл тұрғыны Вера Шохина.
Айту керек, 12 ауданда модернизациядан өтетін 25 кітапхананың бесеуі Бәйтерек ауданына тиесілі. Олар – Бәйтерек аудандық кітапханасы, Дариян модельді ауылдық балалар кітапханасы, Рубежин, Үлкен Шаған, Щапов ауылдық кітапханалары.
Кітапханашылар қауымы жаңа мүмкіндіктерге толы мұндай заманауи білім ошағының кішкентай оқырмандары көп боларына бек сенімді!
Динара Даумова
Бәйтерек ауданы