Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов Дариян ауылына барып, осы аумақтағы ауыл-аймақтың тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға Достық, Трекин, Махамбет, Дариян ауылдық округтерінен жиырма шақты азамат келді. Айта кетейік, енді әр сейсенбі сайын аудан әкімі осында қабылдау жүргізетін болады.
Қабылдауға келгендер негізінен баспана, жұмыссыздық, әлеуметтік қамту, абаттандыру, ауыл шаруашылығы бағытындағы мәселелерді көтерді. Мәселен, әкім қабылдауына бірінші болып келген Достық ауылының тұрғыны Айгүл Сағынованың айтуынша, ауласындағы терек өте биік болып өсіп кеткен. Биыл теректің үстінгі бөлігі қурап, сынып жерге құлап жатыр. Сөйтіп өздеріне де, айналаға да қауіп туғызуда. Теректің үстінгі бөлігін кесу үшін арнайы техника керек. Әкім сол бойда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Көшібаевқа бұл мәселені шешу туралы тапсырма берді.
Махамбет ауылындағы «Кожевников» шаруа қожалығының жетекшісі Тағаберген Исқақовтың 2,5 мың герктер жерінің жалға алынған мерзімі бітіп қалған. Қожалық иесі ковидпен ауырып, пандемияның сергелдеңімен жүргенде жер телімінің мерзімін ұзартуды ұмытып кеткен. Аудандық жер бөлімі болса бұл жер телімін аукционға шығармақшы. Ал шаруаның өзі сол жер телімінің аумағынан үлкен қора, қойма салған, құдық қазған, жарық жүргізген. Егер аукционға шығарса, өзінің қайта ұтарына ешкім кепілдік бере алмайды. Енді сол жерді қайтадан өз атына заңдастыруға әкімнен көмек сұрай келген. «Аудан басшысына рахмет, менің басымдағы қиын жағдайымды түсініп, заң шеңберінде көмектесуге тырысатынын айтты»,-деді Тағаберген Баянғалиұлы.
Трекин ауылдық округінің тұрғыны Асқарбек Машбекұлы Володар ауылында 45 орындық жеке балабақша салып жатыр. Ауылда балабақша жасындағы 40-тан аса сәби бар екен. Мектепке дейінгі ұйым жоқ болған соң ауыл тұрғындарының кейбірі бүлдіршіндерін қалаға не Дариянға тасиды. Сол себепті аталмыш ауылға бөбекжай аса қажет. Бөбекжай құрылысы аяқталғаннан соң мемлекеттік құзырлы мекеме өкілдері келіп, тексеріп жүргізеді. Олар оң қорытындысын берсе, 3 тәрбиеші, 3 тәрбиешінің көмекшісі, аспаз сынды мамандарды алып, он шақты адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Асқарбек әкімнен жеке балабақшасына мемлекеттіктапсырыс алуға көмек сұрай келген. Аудан әкімі мектепке дейінгі ұйым тиісті талаптарға сай болса мұндай игі іске мемлекет тарапынан қолдау болатынын айтты. Мемлекеттік-жекешілік серіктестік аясында қызметін бастағысы келіп жатқан болашақ кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Дариян ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ұзақбай Ғабдуллин мұндағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонды жайландыру, ол жерге инвестор тарту сияқты мәселелерді көтерді. Қабылдау аяқталғаннан соң аудан басшысы полигонға арнайы барып, ауыл әкімі Тілек Кәкеновке полигонды жайландыруды одан әрі жалғастыру, болашақта бұл аумақты қоршап, бейнебақылау орнату бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сәкен Әбілхалықов,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Алексей Свечников, Дариян ауылының тұрғыны:
-Дариян аумағында аудан әкімінің қабылдауы қайта жанданғанына қуаныштымын. Мұны естіп көптеген тұрғындар риза болып жатыр. Өмір болғасын, түрлі мәселе, түйткілдер туындамай тұрмайды. Олардың бәрін бірдей шешіп, реттеуге ауыл әкімінің құзыры жете бермейді. Переметныйға аудан әкімінің қабылдауына екінің бірі бара алмайды. Ал мұнда келіп аудан басшысының қабылдау жүргізуі ел-жұртқа ыңғайлы. Сол үшін де ауылдастарымның атынан Марат Лұқпанұлына алғыс айттым. Әкімнің алдында экология, қаңғыбас иттер, және өзге де мәселелерді көтеріп, оларды шешуде волонтер ретінде бірге жұмыстануға әзір екенімді білдірдім, әкім мені қолдады.