Зеленов ауданы Дариян ауылында табиғи тағам өндіретін «Каверин» сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу орнында болдық. Зауыт басшысы Сергей Михайлович өндіріс жөнінде әңгімелеп берді.
2014 жылы Орал қаласында 185 литр ғана сүт өндіретін зауытын іске қосқан кәсіпкер ай бұрын өндіріс көлемін кеңейту үшін Дариян ауылынан май-ірімшік зауытын ашты. Өндіріс орнына 16 млн, жаңа қондырғыларды орнату үшін 30 млн теңге мемлекеттен субсидия алған кәсіпкер қолдауға риза екенін жеткізді. Жалпы зауыттың жобасына 150 млн теңге қаржы жұмсалған.
2016 жылы тәулігіне 10 тонна өнім өндірген болса, бүгінгі таңда тәулігіне 40 тоннаға жеткен. 2014 жылғымен салыстырғанда кәсіпкер өндіріс көлемін 2,5 млн литрге дейін көбейткен. Қазірде тәулігіне 1 тонна чечел ірімшігін, 350 килограмм сары май даярлайды.
Жергілікті жерден 10, Орал қаласынан 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің өнімдері Орал қаласынан басқа еліміздің Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Петропавл, Астана қалаларында, Ресейдің Самара, Орынбор, Қазан қалаларына жеткізіледі екен. Кәсіпкерлік өздері аяқтай жүріп тұрғындардан сүт жинайды. Оны сақтайтын арнайы орындары да бар. Сергей Каверин жергілікті өнімдерді әзірлеуде еңбек етіп жатқан жұмысшылардың еңбектеріне дән риза. Келер жылы сүт мөлшерін 5 млн литрге дейін жеткізіп, өндірісті ұлғайтуды көздеп отыр. Табиғи азық-түлік өндіруді мақсат еткен нысанның басшысы оны өндіріп қоймай, оларды өңдеп, халыққа дәмді етіп жеткізуді көздеп отыр.
Гүлжан АЯЗБАЕВА,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz