1.03.2026, 15:00
Оқылды: 6

Дарияндық Асылзада Шоймардан «Зерде» республикалық байқауынан жүлделі оралды

Жуырда Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар байқауында Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының 7-сынып оқушысы Асылзада Шоймардан «Медицина, психология, экология» бағыты бойынша І орын иеленді.

image-28-02-26-02-47-1
2–7-сыныптардың оқушылары арасында болған білім бәйгесінде жас жерлесіміз «Ақпараттың экологиялық ізі» тақырыбындағы ғылыми жобасын ұсынып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Зерттеу жұмысында цифрлық технологиялардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсері жан-жақты қарастырылған. Оқушы цифрлық қоқыс, ақпараттық ластану, деректер орталықтарының энергия тұтынуы және көмірқышқыл газының (CO₂) бөлінуін ғылыми деректерге сүйене отырып дәлелдей білді.
Жоба аясында мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізіліп, «цифрлық детокс» тәжірибесі ұйымдастырылды. Артық ақпаратты жою арқылы қанша энергия үнемдеуге және көмірқышқыл газының бөлінуін азайтуға болатыны нақты есептеулер арқылы көрсетілді. Жұмыстың ерекшелігі – теориялық мәліметтерді практикалық зерттеумен ұштастыра білуінде.
Асылзаданың ғылыми жобасы ақпараттық технологиялар мен экология мәселесін байланыстыра отырып, оқушылардың цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Жұмыстың мазмұндылығы, зерттеу әдістерінің жүйелілігі және нақты қорытындылардың болуы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. «Асылзада – мектебіміздің оқу озаты, алғыр, жауапкершілігі мол оқушы,-деді жетекшісі Гүлфайрус Сейітқазиева.- Өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында байқауда жеңіске жетті. Берілген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындады».

Динара Сахинжанқызы
Дариян ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале