Бүгінгі таңда ауыл адамдарының жиі бас қосып, бой сергітіп, тұмса табиғаттан қуат алатын жері - саябақ. Бұл жерден қанша өтсең де қаптаған халықты көресің. Бірі досымен, бірі әріптестерімен, жүздесіп, сыр шертіп, әңгіме-дүкен құрып, серуендеп жүреді. Күйбең тірліктен бір сәтке жырақтап, сейіл құрып, демалғанға не жетсін?
Десе де, Дариян ауылы орталығындағы саябақ ішін арамшөп қаптап, кейбір қоршаулары қолды болғаны және тұрмыстық қалдықтар шашылып жататыны тұрғындарға ыңғайсыздық тудыратын. Осы ретте «Дариян жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марзия Қонысбаева ауыл саябағын ретке келтіру туралы бастама көтеріп, «Белсенді азаматтарды қолдау» грантына ие болды.
Бүгінде Марзия ауыл жастары мен «Жасыл ел» жасағының сарбаздарын біріктіріп, «Менің туған ауылымның саябағын гүлдендіру» жобасын іске асыруда. Жоба аясында саябақ іші абаттандырылып, ұтып алған 500 мың теңгеге айналасы қоршалатын болады.
-Ауылда тұрған соң оның тазалығы бізді қашан да алаңдатады. Бүгінде белсенді жастардың көмегімен саябақ іші тазарып, жаяу жүргіншілер жолы және балалар ойын алаңы қалыпқа келді. Алдағы уақытта қолды болған қоршауларды жаңартатын боламыз. Ол істі «АиД» ЖШС жасап беруге келісті. Саябақты абаттандыру ісі әлі де жалғасатын болады,- дейді Марзия Қонысбаева.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz