15.09.2024, 20:30
Оқылды: 150

Дарияндық «Гауһар той» иелері ғибратты әңгіме өрбітті

Бәйтерек ауданы, Дариян ауылында отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Гауһар той» иегерлері Жұмағазиевтер отбасымен кездесу кеші ұйымдастырылды.

үлгілі отбасы (2)
Шара барысында асқар тау әке – Әсет ағамыз бен Разия апамыз өмірдің ыстық-суығын жұбайымен бірге өткізген, қуанышты күндер мен қиын сәттерді еске алып, тағылымды әңгіме өрбітті. «Әрбір некенің мызғымас берік болуы үшін ерлі-зайыптылар арасындағы ауызбіршіліктің алар орны ерек. Татулықты ту етіп, шаңырақтағы ырыс-ынтымақты еселеу жолында сіз-біз десіп, сыйластықта өмір сүріп келе жатқан жандар даналықты ұғынғандар. Біздің жанұяда сыйластық пен құрмет басты орында. Бала тәрбиесінде қаталдау болдық. Одан олар нашар болды деп айта алмаймыз. «Балаларды өзің мақтама, ел мақтасын» дейді ғой. Шүкір, бес баламызда жоғары білімді маман атанып, өмірден өз жолдарын тапты. Ол ата-ана үшін үлкен бақыт»,-дейді өнегелі шаңырақ иелері.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала әкеден ақыл, анадан мейір алады. Әсет пен Разия Жұмағазиевтер екі ұл, ұш қыз тәрбиелеп, сегіз немере және бес шөбере сүйіп отырған жандар. Екі ұлы –Жанболат пен Ербол әскери бөлімде қызмет етіп, қазіргі таңда зейнеткерлікте. Қыздары Гүлсара – заңгер, Меңсұлу – музыкант, ал кенжесі Светлана – Дариян ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының кітапханашысы.

үлгілі отбасы (1)
Емен-жарқын тілдесуден кейін оқырмандар кітапханашылар әзірлеген бейнероликті тамашалады. «Гауһар той»»» иелерінің көршілері де олар туралы ізгі лебіздерін жеткізіп, Дариян ауылдық округі әкімі Тілек Какенов үлгілі шаңырақ иелеріне ақ жарма тілегін арнап, сый-сияпат табыстады. Рухани іс-шара жергілікті көркемөнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламамен айшықталды.

Динара Ғизатова,
Дариян ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале