Шығыс Қазақстан облысында «Жұлдызды қадам» халықаралық байқау-фестивалі өтті. Алакөл жағасында өткен өнер додасында өңір намысын Бәйтерек ауданы Дариян мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұлағат» театр үйірмесі қорғады.
Бірнеше номинация бойынша өткен өнер бәйгесінің сахналық қойылым аталымында Асылай Көпжанова жетекшілік ететін үйірме мүшелері «Мейірімді қыз» қойылымын сахналады.
Көрермендер мен әділқазылардың жоғары бағасына ие болған дарияндық өнерпаздар бас жүлде еншіледі. Сондай-ақ проза аталымында бақ сынаған үйірме мүшелері бірінші орын иеленді.
«Ұлағат» театр үйірмесінің жетекшісі Асылай Көпжанова аталмыш байқауға баруға мүмкіндік сыйлаған Дариян ауылдық мәдениет үйінің басшысы Асель Ускентауоваға ризашылығын білдіреді.
- Осы байқауға баруға қаржылай қолдау көрсеткен аудандық мәслихат депутаты Бекболат Шкановқа, облыстық мәслихат депутаты Иван Енютинге және ауылдық округ әкімі Тілек Кәкеновке алғысымыз шексіз. Сондай-ақ Дариян ауылының намысын түрлі спорттық жарыстарда қорғап жүрген футболшыларымыз да қолынан келген көмектерін көрсетті. Бір жылдан астам уақыт алысқа шыға алмаған ауыл балаларына бұл байқау ерекше серпін берді. Болашақта басқа да өнер бәйгелерінде аудан, облыс намысын жықпауға тырысамыз, - дейді театр үйірмесінің жетекшісі Асылай Көпжанова.
Енді дарияндық өрендер 21-23 тамыз аралығында Қырғыз елінде өтетін халықаралық өнер бәйгесінде бақ сынайтын болады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы