Жас болса да талай байрақты бәсекенің көркін қыздырып, аудан, облыс чемпиондары атанған дарияндық ағайынды Асан мен Эльнара Биғалиевтердің аты спортсүйер ағайынға жақсы таныс. Бала күнінен боз кілемге құштар болған бір үйдің қос перзенті бүгінде жастар арасындағы сындарға араласа бастады.
Он жасында алғаш рет жаттығу залына кірген Асан білікті бапкер Фарид Сәпиевтің қол астында жаттықса, Эльнара Фаридтің ағасы Наурызбектің шәкірті. Осылайша, ағайынды палуандар ағалы-інілі бапкерлердің қарамағында жүр.
-Асан алғашқы жаттығудан-ақ өзінің қабілетін көрсете бастады. Физикалық тұрғыдан мығым, шапшаң бала жаттығуға жалықпайтын. Сол еңбекқорлығының арқасында біраз жетістікке де жетті. Алдымен аудандық кейін облыстық жарыстарда жүлде сала бастады. Бүгінде ол өз жасындағы палуандар арасында өңіріміздің үздіктері қатарында,- дейді бапкері Фарид Сәпиев.
Шағын ғана ауылда жүрсе де еліміздің біраз қаласын аралап, талай мәрте облыс намысын абыроймен қорғап келген Асан Биғалиев өткен жылдың өзінде қазақ күресі мен дзюдодан облыс чемпионы атанып үлгерген. Сондай-ақ джиу-джитсудан жасөспірімдер арасындағы бәсекеде де алтыннан алқа тағыпты.
-Күрес қазақ үшін жат спорт түрі емес. Кезінде ел қорғаған батырларымыз да күресіп жаттыққанын үлкендер аңыз етіп айтып отыратын Қажымұқан, Балуан Шолақ бабаларымыз ел ішіне осы күрес арқылы танылды ғой. Қазіргі таңда Елдос Сметов, Максим Раков, Темірлан Көлбай Руслан Әдразақов ағаларымызға еліктейміз. Солар сияқты ұлттық құрама сапына еніп, «Гранд слэм» турнирлерінде ел намысын қорғаған атлет болуды армандаймын. Сол мақсатыма жету үшін аянбай еңбек етуге де дайынмын,- дейді Асан Асылбекұлы.
Ал Наурызбек Сәпиевтен тәлім алатын Асанның қарындасы Эльнараның алғашында күреске қызығушылығы болмаған. Тек ағасына еліктеп, залға барыпты.
-Алғаш рет спорт залына кіргенімде бапкерім Наурызбек Сәпиев қарсы алды. Ол кісінің жаттығулары қызық өтеді ғой. Маған сол ұнады. Содан бері ағайымның қарамағында күрестің қыр-сырын меңгеріп келемін,- дейді Эльнара.
Еңбекқор қыз осы жалдар ішінде екі мәрте қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған. Халықаралық турнирлерден жүлде салып келеді. Өз жас ерекшелігі бойынша ұлттық құрама мүшесі атанып үлгерді.
-Эльнараның жаттығуға келмей қалған күні жоқ. Ауа райының қолайсыздығы да оған кедергі емес. Күресі де көңілімнен шығады. Эльнара артқа шегінуді, жасқануды білмейді. Қарсыласының атақ дәрежесіне де қарамайды,- дейді бапкері Наурызбек Сәпиев.
Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан, Ресей елдерінде өткен талай бәсекелердің шаңын қаққан талантты қыз алған бетінен қайтпай, жаттығуын жалғастыра берсе, талай биікті бағындыратынын айтады мамандар.
2018 жылы Ақсай қапласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының жартылай финалдық белдесуінде қарсыласына есе жіберген Эльнара қатты шаршаған. Терге малшынып, демін әрең алып тұрса да аздап демалып алған соң үшінші орын үшін болатын белдесуге шығып, қарсыласын таза жеңген. Осы күні Эльнара да сол белдесуін аса бір тебіреніспен еске алады.
-Армансыз адам - қанатсыз құспен тең. Спорт та армансыз болмайды. Бірақ құр арман жетегімен жүре берсең, мақсатыңа таяқ тастам жерде тоқтап қаласың. Арманға жету жолында жігерлі болмасаң, еңбек етпесең, жүйкең жұқарып, тауың шағылады. Сол себепті еңбек етуім керек. Сонда ғана көл-көсір қуанышқа да ел мойындар жеңістерге де жетемін,- дейді палуан қыз.
Бүгінде спорт шеберлігіне үміткер атанған Биғалиевтер отбасының қос перзенті қашықтықтан болса да жаттығу жұмыстарын жалғастыруда. Асан мен Эльнараның көк туымызды олимп шыңынан желбіретуіне тілекшіміз.
Гүлжан Аязбаева
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz