Осындай атаумен 29-30 қыркүйек күндері Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округіне қарасты Қоңыр ауылында жоғары санатты жаттықтырушы Бейбітжан Елеубаевты еске алуға арналған шаралар өткен болатын.
Еске алу шарасына жиналған Қоңыр ауылының тұрғындарын аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов шаралар тізбегінің сәтті өтуін тілеп, шабандоздар мен палуандарға бағы мен бабы қатар шапсын деп ақжарма тілегін білдірді.
Самбо шеберлері арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған жосалылық спортшылар Қанат Жанғалиев пен Айбек Ғабдешовке Жұмагелді Жолдыбайұлы алғыс хат табыс етсе, жергілікті “Қаратай” шаруа қожалығы мен “Касымов К.К” жеке кәсіпкерлігі атынан спортшыларға арғымақ мінгізді.
Одан бөлек, ауылдың атқа мінер азаматтары азаматтық танытып, бәйге шабандоздарына ақшалай сыйлық тарту етті.
Палуандар арасынан кім мықты болғанын, қол күресінен кімнің білекті екенін, арқан тартыста қай ауылдың құрамасы озық шыққанын, бәйгеден кімнің тұлпары шаң қаптырып, өзгелерден озып шыққанын "Сырым елі" газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz