26.09.2022, 15:00
Оқылды: 39

Дәстүр дәріптелген күн

Теректі ауданына қарасты Новопавлов ауылдық округінде «Құрсақтой» дәстүр фестивалі өтті.

26

Жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани адамгершілік, имандылық қасиеттерді қалыптастыру, ата-бабаларымыздың дүниетанымын қастерлеуге, салтымызды сыйлауға үйрету бағытында өткен іс-шараға ауылдың тай-тұяғы қалмай түгел жиналды. Киіз үйлер тізіліп, ұлттық тағамдардың бұрқыраған иісі мұрынды жарды.

27

Қазақтың дәстүрі дәріптелген тойға аудан әкімі Тілек Габдушев пен ауданның құрметті азаматтары арнайы қатысты.

«Құрсақтой» дәстүрін қайта жандандыру мақсатында ұйымдастырылған жиында «Алтын бесік» қазақ этно-мәдени орталығының жетекшісі, Новопавлов ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Ләйлә Қаражігітова:

28

-  Қазақтың дәстүрінде екі жас үйленген соң, ұрпақты болуды қалайды. Бұл - адамзаттың табиғи заңдылығы. Сондықтан келінінің бойындағы өзгерісті байқаған өнегелі ене «Құрсақтой» немесе «Құрсақшашу» ұйымдастырған. Тойға көрші-көлем, абысын-ажын, құдағайлар шақырылған. Келген қонақтар «Келін жерігін бассын» деген оймен түрлі тағамдар дайындап әкелген. Соны «Құрсақтой» деп атаған. Осы орайда жұртшылықты бабаларымыздан мұра боп қалған «Үлпершек», «Жаужүрек», «Быламық», «Жент», «Әсіп», «Жаубүйрек», «Өрметөс» сынды ұлттық тағамдармен таныстыруды жөн санадық, - деп әр тағамның тарихы және дайындалу жолымен таныстырды.

29

Құрсақтойдан өзге де дәстүрлер насихатталған шара «Күрес», «Асық ату», «Ләңгі тебу» және «Қой көтеру» секілді ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Қойды 50 мәрте көтерген Жайық ауылының тұрғыны Н.Аманғалиев, күрескенде жауырыны жерге тимеген Б.Кеңесов, 18 рет ләңгі тепкен Е.Әлібек, асық атуда ешкімге дес бермеген К.Сунцова мен Ө.Мүбарак жеңіске жетті.

25

Аудан басшысы Тілек Александрұлы қазақтың ежелгі дәстүрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, халықтың назарына ұсынған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

30

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале