29.09.2024, 9:30
Оқылды: 112

Дәулеті артқан Долин ауылына 115 жыл толды

Ауыл – әр адам үшін өте қымбат, ыстық. Ол бізге дейінгі сан толқынның қастерлі ордасы, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені, алтын бесігі, салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері һәм мәдениет пен адамгершілік ортасы. Осындай құт қонған берекелі елді мекеннің бірі – Долин ауылдық округі.

InShot_20240928_231342458

Келбеті алыстан көз тартатын аталмыш ауылдың құрылғанына 115 жыл толып отыр.

Тарихы бір кітапқа жүк боларлық ауылдың торқалы тойын долиндік ағайын ауқымды түрде атап өтті.

Мерейтойлық салтанатқа Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып, көпшілікті қуаныштарымен құттықтады.

– Дана халқымызда «Той – халықтың қазынасы» деген жақсы сөз бар.

«Туған жердің өркендеуіне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі», - деген дана сөз осындай ел бірлігі көрінер сәтте байқалады екен. Қашанда рухы биік елдің — өресі де биік болатыны белгілі. Ежелден ынтымақ-бірлігі жарасқан, халықтың абзал қасиетімен сүттей ұйыған Долин ауылы, міне, бүгін 115-ке толып отыр. Бұл – тарихи дәстүріміздің сабақтастығының айқын көрінісі деуге болады. Әркез туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміміз нығайып, ұрпақтарының алда да алар асуы биіктей берсін. Бүгінгі той Долин ауылының әр перзентінің, тілектес ағайынның тойы. Осындай тарихи күнге жетуіміз – ел тәуелсіздігінің жарқын жемісі. Елімізде әрдайым қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман болсын! Ел іргесі бүтін, халқымыз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын, ағайын! Тойымыз тойға ұлассын, — деп Әлия Биғазықызы жылы лебізін жеткізді.

Одан әрі осы өңірдің өрлеуіне өзіндік үлесін қосқан «Батай» ШҚ-ның басшысы Сағитжан Еркебаев, зейнеткер ұстаз Гүлсім Абакарова, «Шолан» ШҚ-ның басшысы Ұлықпан Мұхамедяров, «Исмайлов» құс фермасының басшысы Ержан Исмайлов, ауылшаруашылық саласындағы мал маманы қызметін атқарып жүрген Аманкелді Дүйсембаев сынды жандарды алғысхатпен марапаттады.

InShot_20240928_231510763

Құттықтау тілекті Долин ауылының әкімі Талғат Манатауов жалғап, ыстық-ықыласын білдірді. Сондай-ақ құттықтай келген басқа да меймандар осы тойдың төрінен табылды.

Айтпақшы, шара барысында ауылдың 115 жылдығымен тұспа-тұс келген «Алтын той» және мерейлі туған күн иелеріне де құрмет көрсетілді. Сонымен қатар ақсақалдар мен ақжаулықты аналардың, ауылдың гүлденуіне орасан зор үлес қосып жүрген бір топ тұрғындардың кеудесіне төсбелгі тағылды.

InShot_20240928_231414644

Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласып, жұртшылық бір жасап қалды. Айталық, «Туған ел», «Тайбурлының шабысын-ай», «Зелене жито», «Туған жер», «Армандастар», «Выходил на поля молодой агроном», «В березовой роще»,«Әндер шеруі», «Гүлдерайым», «Родина моя» секілді әуезді әндерді тойшы қауым қосыла шырқады. Күмбірлеген күй де болды. Ал «Грузин», «Толқын» т.б. әсем билер көпшіліктің көңілінен шықты.

Долиндіктер ұлттық ойындарды да ұмыт қалдырмаған екен. Мәселен, қой көтеру, асық ату, қазақ және қол күресі де тамаша ұйымдастырылған.

Ал осынау тойдың жоғары деңгейде өтуіне жәрдем қылып демеушілік жасаған ауылдың кәсіпкерлері мен Долин, Ақсай, Жаңаталап ауылдарының тұрғындары екенін айта кеткен жөн.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале