18.05.2023, 17:13
Оқылды: 46

Демеушілік жасады

Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, «Киргенев» шаруа қожалығының басшысы Қайыржан Есенгелдіұлы Киргеневтің есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс.

IMG-20230517-WA0114

Кәсіпкер – аудан көлеміндегі көптеген шараға демеуші, әрі Қ.Қайсенов, І.Есенберлин, Шалғай, Зеленов сынды мектептерге қаржылай қолдау көрсетіп жүрген жанашыр азамат.

Бәрімізге белгілі, өткен жылы Егіндібұлақ МББ кешені күрделі жөндеуден өткен болатын. Алайда мектепті құрал-жабдық, жиһаздармен қамту қарастырылмаған.

IMG-20230517-WA0113

Мектеп директоры Айзада Сайбалиеваның сөзінше, терезе перделерінің жоқтығынан сабақ уақытында сыныпқа түсетін күннің көзі оқушыларға әбден жайсыздық тудырған. Кейін ұжым өзара ақылдасып, мектепке деген құрметі ерекше Қайыржан Киргеневке хат жолдайды. Ол мәселенің мән-жайымен танысып, ойланбастан мектеп пен балабақша терезелерін түгелдей перделеуге 1 083 600 теңге көлемінде қаражат бөлген. Осылайша қайырымы мол кәсіпкердің арқасында Егіндібұлақ білім ұясы әдемі перделермен жабдықталды.

Мектеп ұстаздары мен ата-аналар ауылға жаны ашып жүретін атымтай жомарт азаматқа ризашылығын білдіріп отыр.

Айта кетейік, мектеп 1979 жылы 7 сыныптық Цыганов орыс мектебі болып ашылған. 1996 жылы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрболат Ихсановтың ықпалымен бірінші қазақ сыныбы енгізіледі. Біздің білім ұямыздан елге танымал ақ халатты абзал жандар көп шыққан. Солардың қатарында аға буыннан профессор, балалар хирургы Болат Жиеналиев бар. Ал жастардың ішінде мектебіміздің түлегі, онколог маман, Алматыдағы онкологиялық емдеу мекемесінің басшысы Берік Қадыралиев бар. Қазіргі таңда 90-ға жуық оқушы білім алуда. Барлығы - 37 мұғалім қызмет етеді. Алтын белгі иегерлері, асық атудан, пәндік олимпиадалар мен спорттық шаралардан облыстық және аудандық сайыстардың жеңімпаздары бар.

 

Гүлфия Хасанова

  Егіндібұлақ мектебінің әлеуметтік педагогы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале