30.01.2026, 15:30
Оқылды: 54

Демократия жолы: құқықтық айқындық, саяси мәдениет, азаматтық жауапкершілік

Ақпанның алғашқы бейсенбісі – Дүниежүзілік сайлау күні. Осыған орай «Жайық таңының» тілшісі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ербол Мангуровпен сұхбаттасты.

MAY_8739 (1)

– Ербол Иманғалиұлы, дүние жүзінде біраз жылдан бері аталып өтіп келе жатқан осы күннің мән-маңызы қандай?

– Еуропа елдеріндегі Сайлауды ұйымдастырушылар одағының бастамасымен 2005 жылы бекітілген айтулы күн демократия құндылықтарын күшейтуді, саяси күш пен халықтың құқықтық мәдениетін, сайлаулар туралы білімді өрістетуді көздейді. Халықаралық тиісті келісімдер бар.

Өркениетті саяси бәсекелестік және мемлекеттік басқарудың ұтымды институты болып табылатын сайлаулар адамның құқығын, еркіндігін сақтаумен, әрине, етене байланысты. Бүгінде дүниеде сананың милитаризациясы, ізгілікті ұстанымдарға қарсылық өршігені мәлім. Байыпты, терең диалог, консенсус арқылы әлемдік тәртіпті салмақтандыруды Дүниежүзілік сайлау күні шартарапқа қаперлеп келеді, саяси, рухани тұрақтылыққа, әділдік, сыйластық, татулыққа үндейді.

Аталған Одаққа біздің Қазақстан да толыққанды мүше.

Елімізде бұрынғы жылдар жүзінде биліктің әлеуметтік-саяси мәкіліктері, осалдықтары аз болмады. Олигархияға, бюрократияға қарсылық билік ауысқан соң, іс жүзіне айнала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды саяси жаңғыру жолын ұсынды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас форматын өзгертуге бастады. Конституцияға енгізілген өзгерістерді жұртымыздың 77%-ы қолдап дауыс берген 2022 жылғы 5 маусым ерек тарихи күнге айналды. Кейін ондаған заң, кодекске түзету енгізілді, бұл сайлау заңнамасын да қамтыды. Өркендеген демократиялық, Әділетті Қазақстанды  құру, қоғамды ізгілендіру идеясы еліміздің халықаралық аренадағы беделін биіктете түсті.

– Аталған референдумды қосқанда, содан кейін бір жылға жуық уақыттың ішінде 5 саяси науқан ұйымдастырылды. Яғни еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзімде жүріп өттік. Бүкіл жүйені өзгертетін осындай қадамның бұқараның саяси санасына әсері жайында не айтасыз?

MAY_8752

– Қоғамдық сана баяу өзгеретіні аян. Қоғам болған соң, әлбетте, түрлі, тіпті қайшылықты көзқарастар болады. О баста, халыққа өзі ұсынған саяси жаңғыру бағдарламасына қатысты бір жылдан соң Президент «Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік» деп атап көрсетуінде салмақты сыр жатыр. Халық көптен бері осындай серпіліс күткен-ді.

Президент сайлауы, сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы (2023 жылғы 19 наурыздағы) қазақстандықтардың әлеуметтік-саяси үдерістерге деген көзқарасына оң ықпал етті. Өйткені биліктің өз жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылу, көзқарасы түрлі азаматтардың сайлануға түсуге мүмкіндік ашылуы, партияларды тіркеу рәсімінің әлдеқайда жеңілдетілуі (тіркеу шегі  4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтылуы), өкілді билікке деген сенімді нығайту үшін Мәслихат төрағасы лауазымының енгізілуі, тұрғындар алдында  берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болатыны, басқа да бетбұрыстар, әрине, мұның бәрінде тарихи мазмұн бар. Сайлауларды, референдумдарды өзіміздің жарқын тағдырымызбен біртұтас қабылдау ахуалы орнығуда. Біздің ақжайықтықтар да саяси жүйенің өзгеруі өмірімізге  жан бітіргенін бағалайды, құқықтық айқындықты  құрметтейді. Әкімдік мәдениетінің қалыптасуына қошеметті ауылдағылардан дүркін-дүркін естиміз. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау Президент бастамасымен жүзеге асқан реформалар пакеті шеңберіндегі нақты да пәрменді жаңалық болып есептеледі. Айта кетелік, ауданымыздың бүкіл ауылдық округтерде әкімдер 2021 жылдан бері сайлау қорытындысымен тағайындалуда. Халық басым дауыс берген көшбасшылардың жаңа легі іріктелді осылайша. Күні кеше Базартөбе ауылдық округтерінің тұрғындары өз әкімін сайласа, алда биыл осындай науқан Базаршолан, Жамбыл, Чапаев, Ақсуат округтерінде өтеді. Өкілеттілік мерзімдері аяқталуына байланысты бұл округтерде әкімдерді сайлауға қазірден бастап мұқият дайындық жүргізілуде.

Ауылдағы білім, медицина, жол, ауыз су мәселелерін назардан түсірмеу конституциялық міндет болса, осы бойынша ілгері істер жеткілікті. Жергілікті жерлердегі түйткілдерді шешу үшін күллі елімізде беталыс бар, парламенттік бастамалар көтеріліп келеді. Билік пен бұқара байланысы жаңа деңгейге көтерілуде. Тек сайлаулар кезінде емес, қоғаммен тығыз қарым-қатыс азаматтар өміріне әсер ететін шешімдер қабылдау барысында жиі байқалады. Мемлекет көпшілікпен кеңесе отырып шешім қабылдау моделін таңдап отыр. Парламент пен Үкімет отырыстарының онлайн форматта өтуі – соның бір айғағы. Сайып келгенде, соның бәрінің саяси кеңістігімізді  кеңейтуде әсері зор.

– Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жаңа ұрпақ толқын-толқын болып өмір сахнасына шығуда. Электорат қатарына келуде. Оларды демократиялық бағдарымызды нығайтуға тартудың қажеттілігін айтып жату артық. Сондықтан балғын күштің саяси сауатына қатысты қам-қарекеттен сіздің комиссия да қапысыз болмас?

– Әрине. Игі өзгерістерге тез бейімделу, жаңалықты  жасап, оны тұрмысқа, дағдыға енгізу жастарымызға  тән. Әлемдегі сайлау үдерісі, еліміздегі сайлау жүйесінің қалыптасуы жайында дәрістер ұйымдастырып тұрамыз. Мұндайда, айталық, Қазақстандағы саяси алаңның жаңаруы, заман талабына сай әрі сын-қатерлерге төтеп бере алатын мемлекеттік басқару үлгісі, экономикалық теңдік, адал, жауапты азамат болу аса тарихи қажеттілік екенін байыпты пайымдайтын қыз-жігіттерді көрген сайын қуанамыз.

MAY_8786

Өрендеріміздің сайлау жүйесі, заңнамалық негіздер жөнінде білімін кеңейту, саяси мәдениет туралы пікіралысуларды мазмұндандыру мақсатында өткен жылы ауданда «Жас сайлаушылар» клубы дүниеге келді. Алғашқы басқосуларымызда, мысалы, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталған 2023 жылғы сайлаулардың конституциялық реформаның қисынды жалғасы, азаматтарды мемлекеттік басқару ісіне тартудың нақты, шынайы түрдегі айғағы болып табылатыны жан-жақты баяндалды. Жастар реформаларды тұрғындардың біразы әуелде сенімсіздікпен, скепсиспен қабылдауы уақыт өте келе басқаша сипат алғанын, иә болмаса, сол 2023 жылы Парламентке тарихимызда тұңғыш рет 6 саяси партия енгенін саралауы қоғамдық-саяси жағдайға қатысты көзқарастарында оң бетбұрыс барын аңғартады. Демек, оқып, ізденеді, талдайды, салмақтайды. Елімізде құқық қорғау механизмдерін  қуаттандыру, азаматтық қоғам мен Парламент рөлін қанаттандыру жайында жас лекке ұғындыруды үздіксіз орындауға тиіспіз. Құқықтық ағартушылық ісін өрістету, сайлауды байқаушылардың  сауаттылығы, мәртебесі, міндетіне байланысты жүйелі шаралар өткізу де назарымыздан түспейді.

Мектептерде өткен Парламент сайлаулары да оқушылардың сайлауға қызығушылығын арттыруда. Осы науқандарға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері әдістемелік қолдау көрсеткенін де атап өткеніміз жөн.

– Әні-міне дегенше, парламенттік реформа да «қыр астына» келіп қалды. Тағдырлы мәселе. Өзекті тақырып...

– Иә, саяси-демократиялық ерекше кезең бұл да. Осы реформаның керегі туралы айтылып келе жатқанына жиырма жылдан асқан екен. Мемлекеттік жүйені дамытуда орны зор мәселені халық талқысына салу, сөйтіп, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын Президент былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерді. Күні кеше Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы осы бағытта атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. Жұмыс тобының бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.

Егер қазақстандықтар ортақ шешімге келсе, бірпалаталы Парламент тек қана партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Көппартиялы болып жасақталған және оның статусы көтерілген парламент ел өркендеуіне мол үлес қосады деп есептеледі. Проблемаларды талқылау, саяси плюрализм, нақты дерекке негізделген рационалды шешімге келуде уақыт үнемделеді деп  саналады.

Парламенттік реформаға байланысты ашық сұхбаттарға, талқылауларға, партияларды күшейту тақырыптарына біздің ақжайықтықтар да кеңінен  атсалысары шүбәсіз деп білемін. Өйткені, біз жаңа саяси дәуірдеміз. Мәдени серпіліс кезеңіндеміз. Ең бастысы – саяси еркіндігіміз бар, мемлекет ретінде өсуіміздің, ауыртпалықтарды жеңуіміздің,  мақсаттарға жетуіміздің орасан тәжірибесі бар. Өткен саяси додаларда, референдумдарда халықтық жаңғыру жолының не екеніне көз  жеткізе түстік. Өмір еліміздің бүгіні мен болашағы үшін бізді азаматтық жауапкершілікке үндеп тұр.

Әңгімелескен Еркін Рай,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале