8.02.2023, 12:45
Оқылды: 44

Дені саудың елі сау

Үш қаруын асынған сақшылар

Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен...

Шынында да, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша табылып, саулығы сыр бергенде ем-домы табылса, науқас үшін бір бақыт емес пе? Адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Өмірге Алланың қалауымен келсек, дәрігердің қолымен кіндігіміз кесіліп, анамыз бізді дәрігер көмегімен құшағына алды. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы, дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі - пышақ, екіншісі  - шөп, үшіншісі - сөз. Науқасты емдегенде дәрігерлер қазір де отаға, дәрі-дәрмекке жүгінеді. Ем кезінде олар ең басты қару – жақсы сөзді қолданады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме, дәрігердің «сауығып кетесіз» деген сөзінен күш алып, небір ауыр ауруларды жеңгендер қаншама?..

Иә, дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Олар адам жанының арашасы болуға даяр. Бұл сөзімізге індет өршіген уақытта ақ халаттылардың аяусыз еңбек еткені дәлел.

Теректі ауданында «COVID-19» вирусына қарсы тұру шаралары қолға алынған  алғашқы күндері Ақжайық ауылындағы №2 аудандық ауруханасы негізінде карантиндік стационар ұйымдастырылған болатын. Індетпен күресте алдыңғы шептен табылған медицина мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі  хақында қалам тербеуді құп көрдік.

Бағдарламалардың пайдасы  көп

 

Айта кетейік, аталмыш аурухананың іргетасы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2008 жылы қаланып, 2010 жылы пайдалануға берілді. Бес корпустан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 6 562 шаршы метр.

- Ұлтының жарқын болашағын ойлаған мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығына көңіл бөледі. Елімізде халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында маңызы зор түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Әлбетте, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың пайдалы тұстары көп. Қолға алынған шаралардың арқасында Қазақстан медицинасы біртіндеп жетістікке жетуде.

Ендігі міндет - халықтың денсаулығын одан әрі нығайтып, саланың жағдайын мейлінше сауықтыра түсу. Медицинада қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешудің қазіргі заманға бейімделген небір оңтайлы тәсілдерін қарастыру - күн тәртібіндегі өзекті мәселе,- деп әңгімесін бастаған мекеме басшысы,  хирург, жоғарғы және екінші санаттағы дәрігер Бекзат Құбаев (суретте):

IMG-20230207-WA0104

- Біздің аурухана құрамында бір отбасылық денсаулық орталығы, 3 дәрігерлік амбулатория,  15 медициналық пункт,  60 кереуетті бір тәуліктік стационар,  2 кереуетті паллиативті көмек көрсету бөлімі, 56 кереуетті  күндізгі стационар және 20 кереуетті инфекциялық стационар халыққа  қызмет көрсетеді. Сондай-ақ медициналық   қызметтің   19  түрі   бойынша мамандандырылған көмек беріледі. Аурухана штатында жоғары және бірінші, екінші біліктілік санаты бар 11 дәрігер және 88 орта буын медициналық қызметкерлер жұмыс атқаруда, - деп ауданның оңтүстігіндегі ауылдарды қамтыған аурухананың жалпы жағдайымен таныстырды.

Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, емханада хирургия, гинекология, перзентхана, патология, терапия, неврологиялық науқастарды оңалту, кардиология, травматология, паллиативті көмек көрсету, инфекциялық стационар, клиникалық-диагностикалық емхана, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, жедел жәрдем сынды бөлімдер бар екен. Туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 144-тен 161-ге жетіп, табиғи өсім жоғарылап отырған көрінеді. Өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 81-ден 63-ке төмендепті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың халыққа берері мол екендігін айтқан Бекзат Өтегенұлы МӘМС жүйесінде тіркелгендер жоғары мамандандырылған медициналық көмек (оталар), МРТ, КТ сияқты тексерулерден тегін өтетінін де сөз етті.

«Цифрлы» аурухана

Ауылдық жерлерді қамтитын аурухана өз жұмысын замануи қалыпқа салған. Бұл жерде құжатайналым  «ДамуМед» ақпараттық жүйесінде жұмыс істейді. Ем алушылардың ауру тарихы, олардың электронды амбулаториялық карталары мен бейненің цифрлық өңделуіне негізделген жүйенің арқасында мекеменің қағазсыз жұмыс істеуі қамтамасыз етілген.

теректи (1)

Жалпы «Цифрлы Қазақстан» - денсаулық саласына тиімді жүйе. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында да цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Бұл тапсырма іс жүзінде орындалып та жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы, емханаға бекітілетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді. Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасалуы керек. Осыған байланысты қазіргі уақытта жер-жерде медицина саласын цифрландыруға қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

«Дипломмен ауылға» келген дәрігер

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, бүгінде ауылда қалып жұмыс істеймін деген жастарға біршама мүмкіндік бар.  Ең бастысы, дұрыс мақсат һәм талап қоя білсең болғаны. Осы орайда, әсіресе, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі өте жоғары. Себебі, бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан әрбір жас жұмыспен қамтылып қана қоймай, бір реттік жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін қаржы да алады.  Сөйтіп, әрі қарай өз саласы бойынша жұмысын жалғастыра береді.

Берері мол бағдарламаның игілігін көріп, ауылға оралған жас жастардың  бірі - Қуаныш Сұлташов. Оның мамандығы - жалпы тәжірибе дәрігері. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында 1 миллион теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақыға қол жеткізген.

Маман жетіспеушілігі бар

Бүгінгі таңда кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушілігі - отандық медицинада шешілмеген мәселенің бірі.

- Дәл қазіргі уақытта онколог, офтальмолог, психиатр, инфекционист, реаниматолог, ЖТД  секілді мамандардың  жетіспеушілігі басты мәселе болып отыр. Мұның шешу жолдарына тоқталар болсақ, аудан  әкімімен бірлесе отырып, әлеуметтік пакет беру арқылы өзге аймақтардан мамандарды тарту жолын қарастырамыз. Сонымен қатар облыстағы арнайы дәрігер мамандармен үнемі байланыста болып, кеңес алып тұрамыз, - дейді Бекзат Өтегенұлы.

теректи (2)

Дәрігерлер жетіспеушілігі тек бұл ауруханада емес, жалпы қай медициналық мекемеде де орын алып отырғаны жасырын емес. Десек те, №2 аудандық аурухананың медициналық қызметкерлері кадр тапшылығын сылтау қылмай, алдына келген ауылдасқа көмек көрсетіп келеді. Халыққа қызмет көрсетуді, әр адамның денсаулығын сақтауды басты міндеті деп білген ақ халаттылар Президент Жолдауынан бастау алған Ұлттық жобаның өз қызметтеріне жақсылық пен жаңарту әкелетініне сенімді.

 

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале