Теректі ауданынан Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаты болып сайланған Сержан Идиятов «AMANAT» партиясының облыстық филиалының қабылдау бөлмесінде алғашқы қоғамдық қабылдауын өткізді.
Қоғамдық қабылдауға қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова қатысты.
Депутат қабылдауына Теректі ауданынан тұрғындар әлеуметтік жеке мәселелерімен келді. Мәселен, Шаған ауылдық округінің тұрғыны, жалғызбасты ана Қарылғаш Серікқызы науқас қызының жағдайын айтты. Жастайынан аурумен күрескен жасөспірім қызға әлі күнге дейін «мүмкіндігі шектелген» санаты берілмеген. Соған байланысты берілетін жәрдемақыны да алмайды. Осы мәселені шешуге көмек сұрайды.
Соныменен қатар Орал қаласы, Круглоозерное ауылынан да өз шаруаларын айтып келгендер болды.
- Әр азаматтың мәселесін тыңдап, қаперге алдық. Мүмкіндігінше және заң аясында шешу жолдарын қарастырамыз. Көтерілген мәселелер партия тарапынан және өз тарапымнан бақылауда болады, - дейді Сержан Серікұлы.
Айта кетеріміз, Сержан Серікұлы алдағы уақытта, нақты көрсетсек, 2023 жылдың 5 мамыры күні аудан орталығында қоғамдық қабылдау өткізуді жоспарлап отыр.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz