Тұңғыштар мекеніне келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ерболат Саурықов, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтер сапарларын Хан Ордасы мәдениет үйінен бастады.

Жақында модернизациядан өткен кітапхана жұмысымен танысқан делегаттар өз кездесуін жергілікті тұрғындарды қабылдап, сауалдарына жауап беруімен жалғастырды.
Ауданымызға «Қаһарман аудан» мәртебесін беру, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, автокөлікпен жабдықтандыру, мәдениет үйлерін жөндеуден өткізіп, спорт кешендерін салу, Ресей еліне жалға берілген полигонның ауқымды аумағын қайтару, қазақ тарихына ең алғашқы мектепті Жәңгір хан ашқаны туралы өзгерісті енгізу, Хан Ордасына сауықтыру кешенін салу және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Кездесу қорытындысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытқожа Ізмұхамбетов қойылған сауалдар мен көтерілген мәселелерді хатқа түсіріп, жазбаша нұсқасын беруді ұсынды.

- Қазіргі таңда көтерілген мәселелер бүгін - ертең шешіледі деп айтуға болмас. Дегенмен, көтерілген мәселелердің басым бөлігін шешу өздігімізден шешуге тырысамыз, ал, қолымыздан келмегенін талқыға саламыз. Ешбір сауалыңыз назарсыз қалмайды,- деді Бақытқожа Салахатдинұлы.
Өз кезегінде Ерболат Саурықов «Ауыл» партиясының атқарған істері мен жоспарымен таныстырды. Оған қоса Бөкей ордасы және Жәңгір хан туралы документалды фильм түсірелетіні туралы айтты.

Ал Абзал Құспан киік мәселесі бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған жеңілдіктер мен заңға енгізілген өзгерістер туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, интернет алаяқтық мәселесін де тілге тиек етті.
Еркебұлан Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы