Бөкей орда ауданына Елордадан шығармашылық топ келді. «Последний рубеж» фильмінің продюсері, заң ғылымдарының кандидаты Аманжол Оразбаев, режиссёр Елена Ковардакова, оператор Виктор Московкин, жерлес өлкетанушы Ахмедияр Батырханов аудан басшысы Нұрлан Рахымжановтың қабылдауында болды.
Аудан басшысы отты жылдардағы Орда тарихынан мәліметтер айтып, шығармашылық топқа:
- Бұйыртса, сіздер түсіретін деректі фильм тарихи бағасын ала алмай келе жатқан қос ауданның соғыс жылдарындағы ерлігін паш етер тың дүние, өздері аш құрсақ жүрсе де, қолда барын Сталинград майданына жолдап, жау ұшақтарынан түскен бомбадан опат болған жерлестерімізге, аға ұрпақ рухына қойылған ескерткіш болар еді, - деді өз сөзінде.
Бұл топ Ұлы Отан соғысы жылдарында отқа оранған өлке Бөкей Ордасы мен Жəнібек аудандары туралы деректі фильм түсірмекші.
Қонақтар екі ғасырға куә, соғыстың тілсіз кейіпкері су мұнарасын аралады, Гатчинск бауырластар зиратына барып тағзым етті.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы