Коронавирус әбден күшіне мінген уақыт қазір. Әлемді жаулаған бұл дерт баршамызды алаңдатып, біраз үрейге салды. Біріміздің туғанымыз, енді біріміздің тамыр-танысымыз дерттің шеңгеліне ілігіп, өз саулықтарын дәрігерлердің қолына тапсыруда. Осындай қиын кезеңде жауапкершілік жүгі медицина қызметкерлерінің иығына түскені аян. Олар көзге көрінбейтін індетпен күресте саптай тізіліп, өмірдегі ең қымбат – әр азаматтың саулығы үшін күн-түн демей, арпалысуда.
Оразгүл Мақанованың Ақжайық аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі болып жұмыс істегеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Осы өңірге келін болып түскелі, жұбайының жұмыс жағдайымен талай жерге қоныс аударған ол госпитальдарда қызмет етті. Жолдасы әскери қызметтен зейнеткерлікке шыққан соң, туған жері – Ақжайыққа табан тіреп, осындағы ауруханаға медбике болып қызметке орналасады.
Ел іргесіне індет келгенде, алғашқылардың қатарында алғы шептен табылып, аудан орталығында ашылған провизорлық орталықта жұмысқа кіріскен ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Тек дәрігер ғана емес, вируспен күреске жұмылған барша медицина мамандарының бір күнінің өзі ерлікпен парапар екенін қарапайым медбикенің күнделікті қызметінен анық байқауға болады.
«Жаздың ыстығында вирустың таралу қарқыны бәсеңдер деп ойлағанымыз рас, бірақ бұл болжам ақталмай, төтенше жағдай аяқталысымен керісінше жағдай ушығып кетті. 15 орындық провизорлық орталыққа науқастар сыймай, қосымша керуеттер қоюға мәжүр болған күндер болды. Айға созылған карантиннің нәтижесі: қазір дене қызуы бар және жедел респираторлық симптомдармен жеткізілген науқастардың саны едәуір азайды», - дейді Оразкүл медбике.
Шілденің шіліңгірінде жай сыртта жүргеннің өзінен теріміз ағып, ауа жетпей, демігіп, жанұшырамыз. Инфекциядан сақтану үшін ауа өтпейтін қорғаныс костюмдерін киіп, ем-дом жасайтын медицина мамандарына одан да қиын екенін сезіп жатырмыз ба?! Медициналық маска, оның сыртында респираторлық маска, көзілдірдірік, қолғап – мұның бәрі науқастың тамырын тауып, екпе жасамақ түгілі, қарапайым қозғалыстың өзін ауырлатады, әрі ауа толық жетпейді. Қолғаптан қолың суланып, көзілдірік буланған да ыстық тер ағып, шыққан ауаны кері жұтуға тура келетінін айтсаңызшы. Бұл форманың ішінде 2 сағат та шыдау мүмкін емес. Алайда, үсті-үстіне ауырып келіп жатқан науқастарды қабылдап, аурухананың ішінде 7 сағатқа дейін жүріп қалатын да кездері болады. «Науқастардың емдерін толық аяқтаған соң, таза аймаққа шығып, қорғаныш киімін шешкен кезде қолымыз, бетіміздің сорылып, ісіп кеткенін байқаймыз», – дейді маман.
Орталыққа түсетіндердің дені үлкен кісілер. Қызулары көтеріліп, тіпті дем жетпей, қиналып түсетіндер де бар. Әр науқастың жазылып шығуы ең алдымен Алланың, содан соң ақ халаттылардың қолында десек, тиісті ем қабылдап, екі-үш күнде беттері беріп қарайтыны – Оразкүл Мақанова сынды білікті де, мейірбан мамандардың арқасы. «Жақсы сөз жараны да жазады» демей ме?! Науқасқа ем-домнан бөлек психологиялық қолдау қажет. Мұндайда ол алдымен аурулардың көңілін аулап, күдігін сейілтіп, көңілінде дертті жеңетініне сенім ұялатуда.
Дертінен айыққан әр науқас – Оразкүл Мақанова сынды медицина қызметкерлерінің індетпен күрестегі жеңісі. Сондықтан олардың еңбегін лайықты бағалап, тиісті құрмет көрсету – біздің міндетіміз. Өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, қоғам игілігі мен адамзат денсаулығы үшін тынбай еңбектеніп жүрген медицина мамандарына мың алғыс.
Л.Саматқызы
Ақжайық ауданы